ӘКІМ ЕСЕБІ: ЫСТЫҚ СУ – ТУРИЗМ КӨЗІ

Уақыты: 10.02.2019
Оқылды: 1294
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қарадала өңірінде қарымды істер көп. Бұл туралы Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахуновтың есепті кездесуінде айтылды. Келелі жиынға облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев қатысып, алдымен Жарты баба мемориалдық кешенін көріп, аудандық орталық аурухананың жағдайын білді. 

Аудандағы басты сала – ауылшаруашылығы. Елбасы Н. Назарбаевтың 2022 жылға дейін еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына орай ауданда 4 негізгі бағытта жұмыс жүргізу жоспарланыпты. Бұл мақсатта төменгі деңгейдегі 330 шақырым су арнасын қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жеміс бақтарының өнімін арттыру үшін Шарын өзенінде біріктірілген су торабын салу жұмыстарын аяқтау мүмкіндігі қарастырылуда. Осы арқылы 18 мың гектар жерді тұрақты сумен қамтамасыз етуге болады. 
Аудан әкімі өзінің есепті баяндамасында алдағы жылдары құс фабрикасының жұмысын қайта қалпына келтіріп, өнеркәсіптік жылыжай нысандарын салу керектігін алға тартты. Өткен жылы 3,1 гектар жерді құрайтын екі заманауи өнеркәсіп жылыжайының құрылысы аяқталған. Биыл тағы үшеуін салу арқылы жылыжай кешендерінің көлемі 14 гектарға жеткізілмек. Бұл, әрине, игілікті шаруа екені даусыз. 
Өткен жылы ауылшаруашылығы саласы бойынша 24 950 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, ауылшаруашылық техникаларының базасы толықтырылған. 
Мемлекеттік агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында 367 ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге 939 миллион теңге қолдау көрсетілген. Өткен жылдың қазан айынан бастап «Қызбұлақ» ЖШС Қалжат құрылыс туфының кен орнын игеруді бастаса, «Qazag Tass» ЖШС осы туфтан қаптау плиткаларын шығара бастады. Инвестиция көлемі артып, 30 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, «Тенгри Фиш» ЖШС қуаттылығы жылына 1800 тонна жем және 360 тонна балық өңдейтін цех құрылысын іске қосып отырған жайы бар. 
Ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы да қарқынды. Былтыр осы бағытта 7 жоба іске асса, биыл 158 жаңа жобаны іске асыру жоспарлануда. Өңірде туризм, денсаулықты сауықтыру мақсатындағы демалыс орындарының жұмыс көлемі жылдан-жылға ұлғайтылып келеді. Туризмді одан әрі дамыту үшін Шарын шатқалын, Ерен тоғайы мен ыстық су көздерін және тау аймағын бір-бірімен байланыстыру керек. Мұндай үлкен жұмысты «Эко Парк Тур» ЖШС қолға алуда. Ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз етуде де жұмыстар жүргізілуде. «Азия газ Шонжы» ЖШС арқылы бүгінгі таңда 36 шақырым көгілдір отын желісі тартылып, 2 мыңнан астам тұрғын үйді қамтамасыз етуге дайындық жасалуда. Болашақта Шарын, Тасқарасу, Бахар ауылдарына көгілдір отын тартудың тиісті жобалық-сметалық жұмыстарына қаражат бөлінген. 
Жиналыста алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихат депутаты Ызғарбек Бектұрсынов тау бөктеріне орналасқан ауылдардың келешегі жайлы ой бөліссе, Ават ауылының тұрғыны, зейнеткер Тұрсын Хитахунов аудан орталығынан спорттық-сауықтыру кешенін салу, Шарын, Тасқарасу ауылдарындағы су бөгеттеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. №1 Шонжы орта мектебінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Бахтыгүл Юлдашева, Ақтам ауылдық округі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Рукиям Низамова жастарды қолдауға қатысты ойын білдірсе, «Жазерке» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің әншісі Еркебұлан Нұржақып аудандағы 21 Мәдениет үйінің көпшілігі қолданыстан шығып қалғанын алға тартып, аудан орталығынан жаңадан халыққа қызмет көрсету орталығы салынса, тарихи-өлкетану музейі ашылса деген тілегін жеткізді. 
Жиналысты Ақан Жылқышы-байұлы қорытындылап, ел-жұрттың тілегін облыс әкіміне жеткізетінін айтып, аудан басшысының жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.                

Қанат БІРЖАНСАЛ
Ұйғыр ауданы