ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ӘКЕГЕ БАСПАНА БЕРІЛДІ

Уақыты: 12.02.2019
Оқылды: 1394
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгінде жалғызбасты аналар мен әкелерге көрсетілер көмектің көлемі артып келеді. Оларды азық-түлікпен, киім-кешекпен, тұрмыстық заттармен, қыстық көмір-отынмен қамтамасыз ету, сондай-ақ, материалдық қолдау көрсету бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламар жүзеге асып жатыр.

Мұндай игілікті істен айдынды Алакөл ауданы да шеткері қалған емес. Әсіресе, талай қазақстандықтың көкейінде сайраған түйткілді тақырып саналатын баспана мәселесі бойынша ілкімді істер атқарылуда. Өткен жылдың сахнасына зер салсақ, аудан орталығы Үшарал қаласының шығыс беткейінде бой көтерген 20 және 60 пәтерлі тұрғын үйден әлеуметтік тұрғыдан әлсіз бірнеше отбасыға пәтер кілттері табысталған болатын. Бұл - алда атқарылар ауқымды жұмыстардың бастамасы ғана.

Жуырда аудан басшысы Әлібек Жақанбаевтың тапсырмасына сәйкес, үш баланы бағып-қағып отырған жалғызбасты әке - Николай Одуденкоға Бескөл ауылдық округінен баспана берілді. Перзент қамы үшін қара жұмыстан қаймығып көрмеген жерлесіміз мұндай сыйды алған кезінде еріксіз көзіне жас үйірді. Бұған дейін құлауға шақ тұрған ескі үйді паналаған үш бүлдіршін бүгінде екі бөлмелі пәтерде асыр салып ойнауда.

Балалардың үлкені Виктория алтыншы, ортаншысы Владимир төртінші, кішісі Сергей екінші сыныпта оқиды. Үлгерімдері де жақсы. Пейілдері кіршіксіз үш баланың жаңа үйге қоныстанғаннан бері сабақ оқуға деген құлшыныстары да жоғарылаған көрінеді.

Бала тәрбиесі мен жұмысын ұштастыра білген әке жалақысын жинақтап, біртіндеп үйіне жиһаз алып жатыр. Ас пен киім-кешектен де таршылық көріп отырған жоқ. Мұның барлығы тағдыр сынағына мойып көрмеген Николайдың перзенттеріне деген сүйіспеншілігінің арқасы деп білемін. Мемлекеттің мұндай жандарға әрқашан қол ұшын созуға әзір екендігі мені ғана емес, барша тұрғындарды қуантады.

Алмагүл ҚАСЫМЖАНОВА,

Алакөл аудандық мәслихатының депутаты