ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 16.02.2019
Оқылды: 1255
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Достық үйінде зейнет жасындағы қарттардың кез келген күні бас қосып, пікір алмасып, уақыттарын тиімді өткізе алатын орталық ашылды.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ашылуына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ұйытқы болды.

Жаңа орталықта қариялардың бос уақытын тиімді пайдалану бағытында мәдени-рухани клубтар, тіл үйрету және компьютерлік сыныптар жұмыс істейді. Енді зейнет жасындағылар шахмат ойнап, кітап оқып, домбыра тартып, қолөнермен шұғылданып, тіпті, фитнес залында жаттығулар жасай алады.

– «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ашылған орталық жеті бағытта жұмыс істейді. Қызығушылықтарына байланысты үйірме және клубтар бар. Арнайы мамандар мен еріктілер аптаның бекітілген күнінде келіп, дәріс оқиды. Орталыққа кіру қаламыздың кез келген зейнет жасындағы қарияларына тегін, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев.

Өз кезегінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай: «Зейнеткерлердің өмір сапасын жақсартуға, қариялардың әр күнін белсенді өткізуіне жағдай жасауға арналған орталық – оларға деген қамқорлығымыздың алды. Болашақта Достық үйі бар аудандарда осындай орталықтар ашуды жоспарлап отыр», – дейді.

Лентасы қиылып, қариялар өз ризашылығын білдіргеннен кейін жиналған жұртшылық үйірме жұмысымен танысты. Айталық, «Ділмәр» үйірмесі тілек білдірген жандарға ұлтына қарамай, халқымыздың салт-дәстүрін үйретеді. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары компьютерді меңгеруді оқытады. Ал, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің шет тілі мамандығының білімгерлері ағылшын тілін үйретсе, Тіл орталығының мамандары қазақ, орыс тілдерінен дәріс оқиды.

Сондай-ақ, психолог және заңгерлердің кеңесін алуға мүмкіндік бар. Спорттық үйірмелерде құрыс-тырыстарын жазып, дене шынықтыра алатыны – өз алдына үлкен бастама: «Жастар» мен «Өркен» спорт кешендері Талдықорған қаласының ардагерлеріне аптаның дүйсенбі, сейсенбі, жұма, жексенбі күндері тұрақты түрде тегін қызмет көрсетеді.

- Бос уақытын үйде емес, өз замандастарымен кездесіп, шахмат, дойбы ойнап, пікірлесіп, бас қосса, орталық жайлы орынға айналмақ. Игі бастаманың нәтижесінде қарттарымыздың жасы ұзақ, өскелең ұрпаққа берер ұлағаты, тәрбиесі мол боларына сенімдімін, – деп  облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиева өз ойымен бөлісті.

Еңлік ҚАБДЕШ,

"Жетісу"