БАЛА ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПТЫ

Уақыты: 18.02.2019
Оқылды: 1227
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Мүшелтой» балалар мен жасөспірімдер клубының ұйымдастыруымен «Бала жүрегіне жол табайық!» тақырыбында тренинг өтті. Шара №2 лот жоспарына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына көмек көрсету мақсатында өткізілді.

Клуб төрайымы Дания Қыдырбаева бүгінге дейін жоба аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, жүргізілген сауалнама нәтижесіне тоқталды.

Толерантты көзқарас қалыптастыру мақсатында 10 мектепке барып, денсаулығы қалыпты балалармен тренинг өткіздік. Кездесу 48 адамды қамтып, туындаған сұрақтарына жауап беруге тырыстық. Облыстық білім басқармасының қызметкерлерін шақырып, инклюзивті білім берудің ерекшеліктерін түсіндірдік. Сондай-ақ, облыстық әлеуметтік бағдарлама және мүгедектермен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы «Мүгедектерді оңалту» бағдарламасы туралы ақпарат берді, – деді Дания Сәлімбайқызы.

Сөз соңында Дания Сәлімбайқызы қатысушыларға аталған мәселеге қатысты сұрақтар туындаса, қол ұшын созуға дайын екендігін, бірлесе шешім табуға атсалысатынын жеткізді. «Мүшелтой» клубының бастауымен мүмкіндігі шектеулі балалардың басқалармен бірдей өмір сүруіне жағдай жасау бағытында жарыстар, мекеме қабырғасында іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Тренинг барысында психолог мамандар Талшын Жанабекова мен Алма Бейбітқызы ата-аналарға қызықты ойындар ойнатып, мейірім, ынтымақ, қамқорлық, сүйіспеншілік тақырыбында сурет салдырды. Сондай-ақ, түрлі тапсырмалар беріп, топпен жұмыс жасаудың маңыздылығын көрсетті. «Кемшіліктің өзі артықшылыққа айналады» деген идеяны насихаттайтын қысқаметражды бейнефильм көрсетілді. Ойын арасында Талшын Дәулетқызы мүмкіндігі шектеулі балаға қарау, оған мейірімділікті қалай көрсету керектігін айтып, ақыл-кеңестер берді.

Өз кезегінде  тренингке қатысушы, сал дертіне шалдыққан баланың анасы Айнұр Дәулетхан: «Менің қызым тірек-қимыл сал диагнозымен туған. Қатарынан қалдырмайын деп осы клубтың үйірмелеріне қатыстырамын. Естіген ертегілерін ерекше қабылдап, ынтызарлықпен баяндайды. Қызметкерлері де мейірімді. Хабарласып, қызымның халін біліп, онымен сөйлесіп, көңілін көтеруге барын салады. Мекеме бізге көп көмек берді», – деп алғысын білдіріп, осы сынды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тапса деген тілек-ұсынысын айтты.

Шара соңында бірлестік төрайымы мен арнайы шақырылған мемлекеттік мекеме қызметкерлері қоғамдық қабылдау жасап, жиналғандардың мәселелерін шешуге атсалысты.

Әсем ЖҰМАҚАН