ЖАС МАМАНҒА ЖІГЕР БЕРДІ

Уақыты: 24.02.2019
Оқылды: 1135
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Еңбекшіқазақ ауданының әр мектебінен келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін 30 ұстазға шеберлік курсы өткізілді. Мақсаты – оқу бағдарламасын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу негізінде мұғалімдердің шеберлігін арттыру. 

Курсты «Өрлеу» БАҰО АҚ облыс бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының жаттықтырушысы  Меруерт Бисебаева жүргізіп, сұрақтарға жауап берді. Оқыту бағдарламасы барысында ұстаздар өзара  іс-тәжірибе алмасып, жаңа технологиядағы әдіс-тәсілдермен танысты. 
Қатысушылар бір ай көлемінде қазақ тілін жаңа мазмұнда оқыту бойынша дәріс-тренингтер тыңдап, көптеген оқу стратегияларын, тілді үйретудің әдіс-тәсілдерін, алған білімдерін  тәжірибеде қолдана білудің егжей-тегжейін үйренді. Сонымен қатар, бұл курста  білім мазмұнын бағалаудың ерекшеліктеріне де назар аударылды.
Халқымыздың «Ақылды көп жасағаннан сұрама, көп білгеннен сұра» деген жақсы бір тәмсілі бар.  Ұстаздардың білімге деген ықыласын оятып, дәріс оқыған М. Кенжеғұлқызы тақырыпты түсіндіріп қана қоймай, тыңдаушыларға бағдарламаның түйінді идеяларын, тың тәсілдерін сіңіре білді. 
Білімін жетілдіруге ниет білдірген 30 мұғалімнің 70 пайызы – жас маман. Өмірдің барлық саласынан, бүгінгісінен де, келешегіне де сабақ беруді адамдық борышы санаған жаттықтырушының дәрісі әрбір жігерлі жастың талпынатын арманына арқау болғаны сөзсіз. 
Жазушы Ж. Аймауытов: «Баланы оңай үйретуге талпынба. Ол әр кезде нәтижеге ойлану арқылы жету керек», – деген екен. Сондықтан, ізденген ұстаздың шәкірті қашан да озық болары анық.

Майгүл НАМАЗОВА,
Рахат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Еңбекшіқазақ ауданы