ЖЕТІ БАЛАНЫҢ АНАСЫ: "АЛЛА БЕРСЕ, АРЫ ҚАРАЙ ЖАЛҒАСТЫРАМЫЗ"

Уақыты: 26.02.2019
Оқылды: 1278
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазіргі таңда көпбалалы отбасын көрсек, таңғалатынымыз бар. Көпшіліктің көкейінде оның бәрін қалай асырайды деген сауал туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз. Ақсу ауданында тұратын Динара Сүлейменова жақында жетінші сәбиін дүниеге әкелді.

Динараның жасы – 35-те. Өткен жылдың қараша айында Ақсу аудандық ауруханасында аман-есен босанып, жетінші перзентіне Аяжан деген есім берді. Бүгінде баланың денсаулығы қалыпты. Бауыржан мен Динара Аружан, Әлихан, Әмірхан, Батырхан, Әділхан, Әлімхан, және Аяжандай бес ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Балаларының үлкені – 14 жаста, кіші қызы – небәрі 3 айлық. Ұлдарының барлығы спортқа әуес. Әлихан еркін күреспен айналысып жүр бүгінде.

Динараның айтуынша, әр бала Алланың қалауымен өмірге келеді. Көпбалалы болудан қашпайтын, бұйыртып жатса, перзент сүюді ары қарай жалғастыруға дайын екендігін жеткізген ізгі ана: "Иә, оңай емес. Бірақ мен барлығы жақсы болатынына сенемін. Әрбір бала үлкен бақыт қой", – деп сыр ақтарды. Жеті баланы тәрбиелеу, сабағын оқытып, киіндіру үшін қосымша көмек қажет.

2015 жылы көпбалалы отбасы аудан орталығынан төрт бөлмелі жаңа пәтермен қамтамасыз етілген. Бүгінде сол шаңырақтың шаттығы еселеніп, іші балалар күлкісіне толған. Динара үй шаруасы мен бала тәрбиесін бір өзі дөңгелетіп отыр. Жалғыз қолқанаты әзірге Аружан - тұңғыш қызы. Негізі Динара медбике мамандығын меңгерген. Қазіргі таңда бала-шаға қамы үшін аналардың үй шаруасы мен жұмыстың екі ортасында сабылатыны үйреншікті жайтқа айналды. Оған отбасының қаржылық қиындығы себеп шығар, бәлкім. Ал Бауыржан мен Динараның отбасы бүгінде бақытты, балалар санын көбейтіп, қазақ демографиясына үлес қосуды әлі де тоқтатпақ емес.

Осы тұста айта кетерлігі, Ақсу ауданында бүгінде 2028 көпбалалы ана бар, барлығы мемлекеттің әлеуметтік көмегін алады.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Ақсу ауданы