АУДАН ӘКІМІ: "АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗІ ҚАНАТ БІТІРЕДІ"

Уақыты: 01.03.2019
Оқылды: 1203
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ақсу ауданының әкімі Есім БАЗАРХАНОВПЕН сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгіме барысында тағайындалғанына төрт айдан асса да, талай шаруаның шеті қайырылғанына көз жеткіздік. Ендеше, арынды Ақсу өлкесінде атқарылған игі істер мен алдағы жоспар-міндеттер жайлы Есім Сейілханұлының өз аузынан естиік.

– Есіміңіз ерекше. Есім хандай ел басқарсын деп ырымдаған ба екен?

– Апам Күлникей отбасындағы үш ұлдың да есімін өзі қойыпты. Біріншісі – Еркін. Ештеңеден қаймықпай, тарықпай еркін өссін деген ниетпен солай атапты. Екінші ағам – Ерсін. Еркіннің соңынан еріп жүрсін деп ырымдаған көрінеді. Менің есімімді ағаларына ес болсын деп Есім деп қойыпты.

Отбасыңызға ғана емес, ел-жұртқа да ес болу бақыты бұйырыпты. «Ханда қырық адамның ақылы бар», – дейді қазақ. Ендеше, елге тұлға болу үшін білім көкжиегіңізді кеңейтіп жатқан шығарсыз. Кітап оқисыз ба?

- Осы күнге дейін орыс, шетел классиктерін оқып келгенмін. Бүгінде қазақша әдебиеттерді қолға алдым. Халықпен жұмыс істеу үшін тіл байлығының мол болғаны жөн.  Абайдың қара сөздері үстелімнің үстінде жатады. Қолым қалт еткенде парақтаймын. Абайдың ілімі – даналық, тұнып тұрған философия, қанат бітіреді.  Жұмыс барысында   ұлы ақынның қанатты сөздерін санамда жаңғыртып отырамын.

–  Биыл  жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы.  Рухани тойдың мән-мағынасын ашу үшін қандай жоспар жасалуда?

–  2019 жыл ауданымыздың береке-бірлігі мен мәдениетін, рухани байлығын дәріптейтін  жыл болғалы тұр.  Өйткені,  еліміздің біртуар азаматы, қоғам қайраткері, ақын, поэзия Құлагері атанған жерлесіміз Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойы республика деңгейінде аталып өтеді. Күзде ақындар мүшәйрасы мен сазгерлер байқауы, мәдени шаралар, байқаулар және ақынның туған жері Ойтоғанда «Ауыл тойы» ұйымдастырылмақшы. Мерейтойға облыстық бюджеттен 47 млн. теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, ауданымыздан шыққан белгілі азаматтарымыз да айтулы шараға қаржылай көмектесуге ниеттерін білдіруде. Тойдың мән-мағынасын ашу үшін жазба ақындардың мүшәйрасы,  ақынның жерлес өнерпаздарының қойылымы, концерті  қолға алынады.

- Ауданды басқарғаныңызға төрт айдан асты. Облыс әкімі Амандық Баталов сізді аудан әкімі етіп тағайындағанда тоғыз жолдың торабындағы Ақсуды жайнатып, көшелерін ретке келтіруді тапсырған еді. Осыған орай, ауданда қандай шаралар жасалып жатыр? Бұрын басталған емес, қазір қолға алынған жұмыстарды айтсаңыз?

– Елбасымыз тұрақты түрде инвестиция тарту мәселесін жергілікті атқарушы органдарға тапсырып отырады. Инвестиция тарту еліміздің дамуына орасан ықпалын тигізетіні сөзсіз. Сондықтан да менің алғашқы мақсат-міндеттерімнің бірі – ауданға кәсіпкерлерді тарту. Осы орайда өңірімізге келіп жатқан ірі инвесторларды атап өтсем, бүгінгі күнде «Panel Sistem.kz» компаниясы  Алтынарық ауылында 5 мың ірі қара басқа арналған мал бордақылау алаңын және ет өңдеу кешенінің (шұжық, сүйек ұны, бұқтырылған ет, ысталған ет) құрылыс жұмыстарын бастады. Нәтижесінде, 2022 жылдан бастап экспорт көлемін 2,5 есеге арттыруға толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар, аталмыш компания Суықсай ауылында алма-бақ өсіру, көкөніс қоймасын салуды жоспарлап отыр. Осы мақсаттарға аталған елдімекендерде жалпы көлемі 218 гектар жер берілді. Жоба құны 1 млрд. 800 млн. теңгені құрайды.

Шағын және орта бизнесте  жаңадан 7 нысан іске қосылды. Инвестиция көлемі 45 млн. тенгені құрады. Олардың басым бөлігі сауда орнын ашқандар. Қаражат салмаса ешқандай кәсіп жүрмейді. Нарық заманында республика, облыс бюджетінен қаржы алу оңай емес. Бірақ облыс басшылығының қолдауымен ауданға біраз қаражат бөлінді. Жансүгіров ауылындағы 10 жеке  арендалық тұрғын үйлердің құрылысы және инфрақұрылым жүйесіне 180 млн. теңге, жаңадан салынатын 30 жеке тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымға  жобалық-сметалық құжат әзірлеуге 12,7 млн. теңге, халыққа қызмет көрсету орталығының қаржылық жобалау құжатын дайындауға 15 млн. теңге қарастырылды. Көшкентал, Көлтабан, Сағакүресте жаңа мектептерді жобалауға 30 млн.теңге, Қапал, Жансүгіров, Ойтоған  ауылдарының көше жолдарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуге және көше жолдарын қысқы мерзімде күтіп ұстауға 650 млн. теңге, Жансүгіров ауылының орталық саябағы және орталық алаңға аббаттандыру, жөндеу жұмыстарының жобасын дайындауға 32,7 млн.теңге, Қапал, Ақсу, Ақын Сара ауылдық Мәдениет үйлеріне ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге 73 млн. теңге бөлінді. Ауыз толтырып айтатын ауқымды шаралар биыл да өз жалғасын табады.

– Ақсудың бір бөлігі таулы өлке – Қапал. Кезінде аудан орталығы болып, дүркіреп тұрған елдімекен бүгінде ел көшкендей күй кешуде. Тұрғын үйлер, тарихи орындардың терезелері  үңірейіп, бос қалған. Мысалы, көпқабатты үйлер, клубтың кейпі жаныңды ауыртады. «Жас келсе –  ­іске» деген бар.  Қапалды қалпына келтіру жайлы ой-пікіріңізбен бөліссеңіз.

– Иә, Қапал тарихы тереңде жатқан өңір.  Өзіңіз айтқандай бұрынғы аудан орталығы. Мен аудан басшысы ретінде аталмыш елді мекенге әрқашан көңіл бөліп келемін.  Талай жылдан бергі ауызсу  мәселесі былтыр өз шешімін тапты. Жұмыс 2013 жылы басталып, қаражаттың толық бөлінбеуіне байланысты қайта тоқтап қалған. Қуанышқа орай  2018 жылы  621 млн. теңге  бөлініп, толығымен игерілді. Былтыр  Қапал мен Арасан ауылдарының арасындағы  жол күрделі жөндеуден өтті.

Биыл Қапал ауылының ішкі жолдарын күрделі жөндеуге 310 млн. теңге бөлініп,  жұмысы енді басталмақ.  Ауылда кәсіпкерлікті дамытып, инвестиция тарту мақсатында «Көк-сағыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс істеуіне мүмкіншілік тудырылуда.  Серіктестік  2019 – 2029 жылдары құны 118 млн. АҚШ доллары тұратын бақбақ  гүлін  өсіріп, каучук өндіретін кәсіпорын ашпақшы.  

Қапал ауылында осындай иесіз қалған көпқабатты үйлерді қайта жөндеуден өткізу шаралары қолға алынбақшы. Менің халық алдындағы қорытынды есебімде жергілікті депутат С.Бармақов жас мамандарға 5 баспана салып беріп,  қиындықтан шығару жайлы ұсынысын айтты. Сауал есепті кездесудің қолға алынуы тиіс  іс-шаралар жоспарына енгізілді.

Ауылдық әкімдік ғимараты ескірген. Болашақта жаңасы салынады. Нысан тұрғызуға 8,1 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Құрылыс жұмыстары жақында басталады.  Биыл Мәдениет үйінің жылыту жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары үшін бюджеттен  36,0 млн. теңге теңге бөлінді. Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Ерғали Садуақасов 1941-1945 жылдары тылда еңбек еткен аналарға өз қаражатына ескерткіш тақта қойды.

–  Қапалда Шымбұлақ, Тамшыбұлақ атты қасиетті тұмалар бар. Тамшыбұлақ қорғалуы тиіс, қасиетті орын ретінде сакральді картаға енгізілді. Бір жылдары осы маңға қазақ үйлер тігіліп, қымыз сатылатын. Соңғы жылдары бұлақтың маңын шөп басып кетті. Дертіне шипа іздегендер аяқ созып отыратын орын таба алмайды. Қапалда демалушыларға жағдай жасау  жайлы жоспарлар бар ма?

- Ауданымыздың бір бөлігі Жоңғар Алатауының етегінде орналасқан. Екінші жағы Балқаш көлімен шектеседі. Осындай ерекшеліктеріне байланысты өңірімізде туризм саласын жан-жақты дамытуға негіз бар. Ауданда туризм саласын 2020 жылға дейін  дамыту  мақсатында арнайы жоспар бекітілген. Сіз айтып өткен Шымбұлақ, Тамшыбұлақ аймақтарын дамыту аталмыш концепцияға енгізілген.

Қапал ауылына жақын орналасқан  Арасан-Қапал шипажайының жабылғанына бірнеше жыл болды. Демалыс орнын ашсақ деп облыстық әкімдікке  ұсыныс айтып жатырмыз. Шипажайды бұрынғы қожайындары банкке кепілдікке қойып кеткен. Халықтың игілігіне жұмыс істеуі тиіс ондай құнды мекеменің жабық тұрғаны біздің де қабырғамызға батады.  Бірақ жекеменшіктің аты – жекеменшік. Болашақта елдің денсаулығын түзетуге қызмет көрсетуіне күш саламыз.

– Биыл бірінші рет облыста аудан әкімі ретінде атқарылған жұмысқа есеп беріп, алдағы жоспарларыңызбен бөлістіңіз. Ұсыныстарыңыздың қайсысы құп алынды?

- Облыс әкімі Амандық Баталов мені осы қызметке тағайындаған кезде: «Сенің ел мен жердің жағдайын жасауыңа арналған барлық бастама, ұсыныстарыңа  қолдау білдіріп, мүмкіндігінше көмектесемін», – деп айтқан еді. Бүгінде облыс басшысы жұмысыма жан-жақты  қолдау білдіріп, бағыт-бағдар беріп  отыр. Ақсуға деген ілтипаты бөлек. Сол үшін ол кісіге үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Жолдарды жөндеу, көшелерді абаттандыру, мектептер салу, басқа да әлеуметтік нысандар тұрғызу жайлы біраз ұсынысым мақұлданды. Алғашқы сұраған қаржымызды да берді. Енді талап биігінен шығу үшін күш салуымыз керек.

– Бөрлітөбе, Ақсу, Қапал өңірлерінің басын біріктірген ауданда  әлеуметтік-экономикалық жағдай қалай шешімін табуда?

- Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын іске асырып, ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік, құрылыс, коммуналдық мәселелердi шешуге   инвестиция тарту барысында жүйелі шаралар   жоспарлануда.  Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы бойынша 2022 жылға дейін  жалпы өнім көлемін 37 млрд. теңгеге жеткізіп, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру үшін жұмыс істемекпіз.  Өнеркәсіп өндірісінің көлемін 9 млрд. 800 млн. теңгеге, негізгі капиталға құйылатын инвестиция  көлемін 105 пайызға, кәсіпкерліктің өсімін 10 млрд. 500 млн. теңгеге арттыру межеленген. Елді мекендердің 83,6 пайызын орталықтандырылған ауызсу  жүйесіне қосу,  676 жаңа жұмыс орнын ашып, екі қолға бір күрек таппай жүргендердің мәселесін шеешіп берсек деп отырмыз.

- Ақсуды басқару сіз үшін ел мен жердің  жағдайын жасау ма, жоқ, қызметтік баспалдақтың бір  сатысы ғана ма?

- Ел мен жердің кем-кетігін қалпына келтіріп, көптің  ризашылығын алып жатсам, одан асқан бақыт жоқ. Тату-тәтті, берекелі ауданды басқару барысында үлкен мектептен өтіп, зор тәжірибе, үлгі алып жатырмын. Алдағы уақытты болжамай тұра тұрайын. Қазіргі міндет – басшылық пен елдің сенімін ақтап, киелі Ақсу жерінің жоқ-жітігін түгендеу. «Халық сұраса хан түйесін сойып береді» демекші, көптің аманатын орындау үшін алдымен еңбек етуім керек. Халыққа жақын әкім еді деген атақ-абырой керек. Ақсулықтардың батасын алмай, басқа жақтан бақыт таппасым анық. Ендеше, қазіргі мақсатым –  киелі мекеннің ел-жұртына адал еңбек ету.

Ақсудың бетке ұстар кәсіпорны ­– қант зауыты. Биылғы және алдағы жылдардағы қант зауытының жоспарымен таныстыра кетсеңіз.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыста қант қызылшасын қайта жандандыру жайлы тапсырма берген еді. Содан бері тәтті түбір өңдейтін кәсіпорындарға жан бітті. Қайта өңдеу кәсіпорнының бірі – Ақсу қант зауыты. Облыс әкімінің қолдау білдіріп,  күш салуымен  іске қосылған қант зауыты былтыр 140 мың тонна тәтті түбір өңдеп, 10 мың тонна қант шығарды.

Зауыт бүгінде 75 пайыз модернизациядан өтіп, тәулігіне  3500 тонна қант қызылшасын өңдеуде. Қант зауыты өз деңгейінде толық жұмыс жасау үшін  шикізат жеткілікті болу керек. Болашақта  қызылша алқабын кеңейтіп, өнімділігін арттыру – біздің басты міндетіміз. Былтыр 2020 гектарға қант қызылшасы себілсе, биыл ол көрсеткіш 2850 гектарға жеткізілмекші. Үстіміздегі жылы қайта өңдеу кәсіпорны  102 мың тонна өнім алуды  жоспарлап отыр. Тәтті түбір алқабының көлемі жыл сайын ұлғайтылып, зауыт тұрақты жұмыс істеу үшін барлық қолда бар мүмкіншіліктер пайдаланылады.

- Шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші. Қазынаның қаржысын толықтыратын  бизнестің пәрмені қандай?

Ауданда шағын және орта бизнес құрылымдарының саны – 3044. Осы жұмыс орындарында еңбекпен қамтылғандар саны – 8502 адам. Аталмыш мекемелерде 7 млрд. 582 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 583 млн. теңге салық түседі. Ақсуда  342 сауда орны және басқа да көпшілікке қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді. Оның ішінде 256 дүкен, 30 қоғамдық тамақтану нысаны бар. Сондай-ақ, 56 тұрмыстық және сервистік қызмет көрсету мекемесі және екі базар елдің әлеуметтік сұранысын қанағаттандыру үшін жұмыс істейді. Елдімекендерде 4 әлеуметтік дүкен және оның жеті бөлімі жұмыс істеп тұр. Бөлшек тауар айналымы 122 пайызға өсіп, 1 млрд.  542 млн. теңгені құрады. Ал 2019 жылы тауар айналымын 1 млрд. 700 млн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

2019–2023 жылдары жалпы құны 7 млрд. 800 млн. теңге тұратын алты инвестициялық жоба  іске асырылмақшы. Жеке кәсіпкерлер «Мұсабеков», «Калеков» және «Асан» шаруа қожалықтары бірлесіп, Молалы ауылдық округінде балық аулаушыларға арналған шағын алаң салуды жоспарлап отыр.

- Ақсудың жайлауы мен қыстауы малға жайлы. Төрт түлікті өсіру, өнімін пайдалану жайына тоқталсаңыз.

- Мал шаруашылығы – аудан экономикасының маңызды салаларының бірі. Соңғы жылдары төрт түліктен алынатын өнім, мал басының саны өсті. Атап айтсақ, ет өндірісі – 103,9, сүт өндірісі – 117,3 пайызға жеткізілді.  Ірі қара 83 820 басты құрап, ұсақ мал, яғни, қой-ешкі  289 мыңға жетті. Жылқы 26 800 басты құрады. Асыл тұқымды мал саны  артып, ірі қара  12094 бас, қой 48 мың бас, жылқы 3360 басқа жетті.  Түлік қарасының көбеюі – ет пен сүттің сапасы мен көлемін арттыруға септігін тигізді. Ауданда 2950 басқа арналған 9 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Соның ішіндегі ең  үлкені – Қаракөз ауылындағы 1500 басқа арналған бордақы алаңы.

- Ауданда  «Туған жерге туыңды тік» акциясы басталып, Ақсудан шықққан азаматтарды елге тартып, әлеуметтің әлеуетін арттыруға жұмылдыру шаралары басталып еді. Жалғасын тауып келе ме?

– Өздеріңізге мәлім, 2013 жылдың соңында «Туған жерге туыңды тік» акциясын өткізу қолға алынды. Акцияның негізгі мақсаты – ауданның экономикасын одан әрі дамыту. Халықтың әлеуметтік жағдайы мен мәдениетін барынша көтеру,  инвестиция тарту.  Аталмыш шараға  аудан  аумағындағы кәсіпкерлер мен сыртта тұрып жатқан аудан азаматтары шақырылды. Елге танымал іскер азаматтар, ірі бизнес құрылымдарының басшылары туған жерге көмек көрсетуге келе бастады.

Акция шеңберінде аудан түлегі Сабыр Қадыров Жансүгіров  ауылындағы бұзылып тұрған көпқабатты екі үйді  жөндеуден өткізіп, қолданысқа берді. «Тасымалдаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ж. Жолдығұлованың ұйымдастыруымен Ойтоған – Алматы арасына автобус жүргізілді. Аудан кәсіпкерлерінің көмегімен аудан орталығында иесіз, бұзылып қалған 8 пәтерлі үй күрделі жөндеуден өткізіліп, мүгедек жандарға берілді. Былтыр Ақсу ауылындағы Мамания мектебінің түлегі Молдияр Нұрбаев аталмыш білім мекемесінің жылыту жүйесі және терезелерін 27 млн. теңгеге толық ауыстырып берді.

Қалталы азаматтарды жерлестеріне көмектесуге шақыру шарасы жалғасын тауып келеді.  Кіндік кесіп, кір жуған жеріне еңбек сіңіру – әркімнің перзенттік борышы. Ендеше, ел мен жердің гүлденуіне шама-шарқы бар әрбір азамат өзінше ат салысуы керек.  Көптің базынасын орындау – азаматқа сын. Сондықтан, бар ынтамыз - халықтың барын көрсетіп, жоғын жоқтау.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Ақсу ауданы