ЖАНДАНДЫРУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 05.03.2019
Оқылды: 964
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы басталғалы да біраз уақыт өтті. Осы барыста ел аумағында ауқымды жұмыстар атқарылды. Статистикалық мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қостанай облыстары бағдарлама аясында баспанамен қамтуда алда келеді. Өкінішке қарай, құрылыс саласында  бірнеше жыл қатарынан көш бастап келген біздің аймақта бұл орайдағы жұмыстар қарқын алмай келеді. Облыстық әкімдікте өткен жиында осы жайлы сөз болды. 

Алдымен облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ «7-20-25» бағдарламасының аймақтағы жүзеге асырылу барысын хабарлап, жұмыс нәтижесіне көңілі толмайтынын тілге тиек етті. Сосын аудан, қала басшыларын бірден тұрғызып, аталған бағдарламаның өңірлерде атқарылу барысынан есеп алды. Әрине, жұмыс істелмей жатыр деп бірден кесіп айтуға болмайды. Бірақ істелген жұмыстың нәтижесі қомақты емес. Өңір басшылары келісіп алғандай бүгінгі күнде үй кезегінде тұрған адам саны мен олардың арасындағы бюджеттік мекемеде жұмыс істейтіндердің тізімін, «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алуға ынта танытқан адамдардың санын атаумен шектелді. Қанша тұрғынның баспаналы болғанын санап бере алғандары аз болды.
Тек қана Іле мен Көксу аудандарында көңіл көншітерлік нәтижелі жұмыс бар екен. Іле ауданының әкімі  Бағдат ҚАРАСАЕВТЫҢ айтуынша, бүгінде ауданда 714 адам үй кезегінде тұрса, оның 70-ке жуығы бюджеттік мекемелерде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 17 адам «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алса, 45 адам үй алуға қатысты екінші деңгейлі банктермен келісімшартқа отырыпты. Ал Көксу ауданының әкімі Алмас ӘДІЛДІҢ айтуынша,  ауданда 718 адам үй кезегінде тұрса, оның 190-ы бюджеттік мекемеде қызмет істейді. Бүгінде 32 адам үй алуға дайын отырса, 15-і келісімшартқа қол қойып, құжаттарын реттеген. 
– «7-20-25» бағдарламасы Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған әлеуметтік бағдарлама. Ол ең алдымен мемлекетке емес, халыққа керек. Баспана қиындығын көріп отырған тұрғындардың қажеттілігін шешудің таптырмас жолы. Сондықтан бұны тұрғындарға дұрыстап насихаттау керек, – деді Амандық Ғаббасұлы.
– «7-20-25» бағдарламасын ойдағыдай орындалуы қаржы, тұрғын үй, тағы да басқа себептерге емес,  әкімдердің қалай жұмыс істегеніне қатысты. Осыдан былай аудан, қала басшыларының жұмыс нәтижесін осы бағдарламаның орындалу көрсеткішімен бағалаймын, – деді облыс басшысы.
Жиынға «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысып жатқан екінші деңгейлі банктердің басшылары, мердігер компанияның өкілдері де қатысты. Облыс басшысы оларға үй алуға ниетті адамдардың жұмысын жеңілдетіп, жәрдем көрсетуін тапсырды.

 

Қажет АНДАС