ЕНЕСІ БЕРГЕН ЕКІ БӨЛМЕ: ЖЕТІ БАЛАНЫҢ АНАСЫ АРМАНЫН АЙТТЫ

Уақыты: 12.03.2019
Оқылды: 1684
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлерімен бірге Ұзынағаш ауылында тұратын Жүнісбектер шаңырағына бас сұққан едік. 

 

Едик Жүнісбек пен Айгүл Салагчинованың жеті баласы бар. Үш ұл, төрт қыз. Үлкені 13-те болса, ең кішкентайлары 2 жаста. Жеке баспаналары жоқ болғандықтан Едиктің анасы Күләш өз үйінің екі бөлмесін босатып берген. Біз барғанда отағасы жұмыста екен, Айгүл мен енесі қарсы алды. Олар мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатындарына риза. Күләш Сәрсенбаеваның өзі тоғыз бала тәрбиелеп өсірген батыр ана. Едик – оның бесінші перзенті. Бір шаңырақ астында тұрғанымен жас отбасының кіріп-шығар есігі бөлек. Келешекте енші алып, өз алдына жеке отау көтерсек деген арман-мақсаттары бар. 

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметі бойынша, Едик Серікұлы өткен жылдың басында жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмысқа орналасып, одан алатын жалақыға қоса айына 58 мың 808 теңге атаулы әлеуметтік көмек алып тұрған. Екінші жартыжылдықта аудандық «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына темір ұстасы болып тұрақты жұмысқа қабылданған. Бұл кезеңде тұрмысы төмен отбасыға айына 78 мың 013 теңге төленген. Әлеуметтік көмек биылғы қаңтардан бастап 53 мың 037 теңге мөлшерінде тағайындалды.

– Мемлекетіміздің осындай қолдауына рахмет. Отбасымның табыс көзі өткен жылдан бастап біршама көбейіп, тұрмысымыз түзелді. Жолдасым тұрақты жұмысынан уақытылы жалақысын алып тұр. Елнұр, Ерлан, Ерасыл, Еркенұр, Еркежан, Айару, Аяла есімді балаларым – бақытым. Алдағы уақытта көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан бұдан да жақсы жағдай жасалады деген сенімдемін, – дейді батыр ана.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы