"7-20-25": 300 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Уақыты: 11.03.2019
Оқылды: 1500
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тіл сарайында облыстық Қоғамдық кеңестің 2019 жылғы алғашқы отырысы өтті. Басқосуда кеңестің жаңа құрамы сайланды. Оның құрамына азаматтық қоғамнан, мемлекеттік органдардан, жастар өкілдерінен белсенді мүшелер қосылды. Кеңес төрағасы болып Әлихан Тойбаев тағайындалды. 

 

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының 2019-2021 жылдарға арналған жобасы және басқа да мәселелер талқыланды. Облыстың 2019-2021 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы басқарма басшысының орынбасары Рауан Дауталиев баяндама жасады.

– Талдықорған қаласында көпбалалы отбасыларға арнап екі көпқабатты тұрғын үй, жалпы саны 120 пәтер салу жоспарлануда. Арнайы жеңілдікпен табиғи газды қосу жұмыстары да қолға алынып, оған бюджеттен 500 миллион теңге ақша аударылды. Ал мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасына 300 миллион теңге бөлінген. Әлеуметтік қорғаусыз қалған балаларға жоғары оқу орындарына түсуге 100 грант тағайындалды. Облыста 40 мыңнан аса аз қамтылған отбасы болса, оның 11 мыңы көпбалалы. Сол себепті жыл сайын облыс бюджетінен бөлінетін қаржы көлемі де өсуде, – дейді Рауан Дауталиев.

Отырыста кеңес мүшелері қаладағы автотұрақ мәселесін көтерді. Сонымен қатар, мектептегі әжетханалардың жай-күйіне тоқталды.  

Жалпы, кейінгі үш жылда қоғамдық кеңес 36 отырыс өткізген. Мұнда қаралған 285 сұрақтың жауабы шешілген. Басқосуларға облыс әкімі Амандық Баталов және оның орынбасарлары, басқарма басшылары арнайы қатысқан. 

Еңлік КЕНЕБАЕВА