ЖАСТАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗ ЖҮР?

Уақыты: 15.03.2019
Оқылды: 1199
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жыл сайын елімізде жүз мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Алайда, олардың барлығы жоғары оқу орнына түсіп, мамандық ала алмайды. Тіпті, мамандық алғандардың өзі бірден жұмысқа қабылдануы екіталай. Себебі – тәжірибе жоқ. Мәселен, былтыр елімізде мектеп бітірушілердің саны 147 мыңнан асқан. Солардың ішіндегі университетке түсе алмаған жастар қазір немен айналысып жүр? Жалпы, оларды үлкен өмірге дайындайтын мектептердің ахуалы қандай?

Облысқа қарасты шалғай аудандағы мектептермен тығыз жұмыс істеп жатқанымызға он шақты жылдың жүзі болды. Жақсы оқитын оқушыларға өз қалтамыздан немесе ауылдағы кәсіпкерлерді тартып  шәкіртақы береміз. Мұндағы ойымыз, оқушылардың білімге деген ынтасын одан әрі ұштай түсу ғой.
Осылайша, қоян-қолтық араласа жүріп ұққанымыз – әр мектептен мықтағанда 25-30 пайыз ғана оқушы жоғары оқу орнына немесе колледждерге түседі екен. Олардың жоғары оқу орнын бітірген соң қаншасы жұмыспен қамтылатыны бір құдайға аян. Әзірге білетініміз, әйтеуір 4-5 жыл көлемінде студент атанып, білім алып жатқандығы ғана. Ал жаңағы оқуға түспей қалған 70 пайыз оқушы қайтпек? Оқуға түспей қалғанына оларды кінәлауға болмайды. Өйткені адамның бәрі қабілетті, дарынды болып туа беремейтіні ақиқат. Олар да бақтарын сынап, қалаға ағылады да басым көпшілігінің атқаратын жұмыстары күзетші, таксист, құрылысшы және өзге де қара жұмысшылар. Ал мұндай жұмыс істегісі келмейтіндер қылмыс жасап, түрмеге тоғытылып, темір торда отырушылардың қатарын көбейтуде. Бәрі өзіміздің қаракөз іні-қарындастарымыз. Намысың келе ме? Келеді, әрине! Және бұл жыл сайын тоқтамай үздіксіз қайталанып отыратын жағдай. «Олар неге ауылда қалып жұмыс істемейді» дегенге келсек, ең масқарасы, ауылда туып-өссе де көбісі ауылшаруашылығының қыр-сырын білмейді. Неге? Өйткені мектептерде баяғы Кеңес үкіметі кезіндегідей ауылшаруашылығына бейімдеп, тәлім беретін еңбек кабинеттері мүлдем жоқтың қасы. Баяғы «хан талапай» жекешелендіру кезінде тоналған, ескірген, істен шыққан. Бұрынғы еңбек сабағының орнына қазір технология деген пән өтеді екен. Жол түскенде барып көрсек: ұлдар бисер тоқып, кесте тігіп отыр. Масқара емес пе?!
Мұғалімді де кінәлай алмайсың. Пәндік құрылғылар болмаған соң қайтеді енді. Амалсыз бірдеңе үйрету керек. Нәтижесінде сабаққа да қыры жоқ, шаруаның да жөнін білмейтін, жаңа технологияның исі мұрнына бармайтын болашақ күзетші, таксист, құрылысшы немесе қылмыскерлер пайда болуда. Санаға түскен салмақты сауалдың бірі – бұл мәселенің түйіні қайтсе шешілмек? Менің өз ұсынысым: Үкімет тез арада мына шараларды қолға алу керек.
Бірінші, еліміздегі мектептердің барлық еңбек кабинеттері тез арада ұлдарға бөлек, қыздарға бөлек және екі-екі кабинеттен жабдықталуы тиіс. Ұлдарға ағаш және темір өңдейтін станоктармен еркін жұмыс істей алатын мүмкіндік жасалсын. Нәтижесінде ұлдар жағы жоқ дегенде жиһаз жасап сата алады, одан мықтылары болашақ инженерлер және конструкторлар болып шығады.
Қыздардың еңбек кабинеттері тігіншілік пен тамақ жасауды үйрететін асхана кабинеті болып жабдықталса. Болашақ дизайнерлер мен тігіншілер мектеп қабырғасынан-ақ қалыптаса бастауы тиіс. Ұл мен қыз мектеп жасынан отбасына өте қажетті дүниені үйреніп шықса, қазіргі қоғамдағы ажырасу деп аталатын қорқынышты дерттің белгілі бір дәрежеде алдын алып, пайызын азайтады. 
Екіншіден, ауылдық жерлердегі мектептерде агротехника пәні өз дәрежесінде жүргізіліп, оқу тәжірибелік алаңы түгелдей жаңартылуы қажет. Сонда ғана мектеп қабырғасынан-ақ болашақ шаруа қожалығының иелерін дайындауға болады.
Үшіншіден, барлық мектептерде «Робототехника және жаңа технология» сыныбы ашылуы тиіс. Жаңа технологиядан қалу деген – өмірдің ағысына ілесе алмау деген сөз. Жапония сияқты жаңа технологиямен-ақ әлемді мойындатуға болады. Оған біздің оқушылардың қабілеті мен қарымы еркін жетеді. Тек бала күнінен баули білу керек.
Меніңше, мектеп саласындағы осы үш бағыт қарқынды түрде жүргізілсе, еліміздегі жұмыссыздық пен қылмыстың, ажырасудың деңгейін азайтып қана қоймай, экономикалық өрлеудің іргетасы болып қаланатынына кеңінен жол ашылар еді.

Жәнібек ӘЛІКЕН,
«Ұлағатты ұрпақ» қорының төрағасы