ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ

Уақыты: 29.03.2019
Оқылды: 1120
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының барлық филиалында зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы Ашық есік күні өтті.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар мен қызметтер атқаратын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімін оңайлату мақсатында зейнетақы заңнамасына мынадай өзгерістер енгізілді:

– егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың бір тарабы салық агенті болса, жеке тұлғаларға, олардың ішінде фрилансерлерге берілетін табыстан міндетті зейнетақы жарналарын осы салық агенті төлейтін болады;

– егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жеке тұлғамен жасалған болса, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу – фрилансердің міндеті емес құқығы болып табылады;

– егер жеке тұлға жалдамалы жұмысшы болса және азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғамен жасаса, онда осы шарт бойынша міндетті зейнетақы жарналарын төлеу оның міндеті болып есептелмейді. Бұл ретте жарналарды есептеу үшін алынатын ең жоғары жиынтық жылдық табыс республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 12 еселенген сомасынан аспауы тиіс.

Биыл жаңа енгізілімдердің бірі – жеке зейнетақы шоттарының автоматты түрде ашылуы. Яғни, 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарналары бойынша шот ашу үшін Қорға жүгінудің қажеті жоқ. Жеке тұлғаның Қорда міндетті зейнетақы жарналары бойынша ашылған шоты жоқ болса, онда алғашқы жарна түскен кезде шот автоматты түрде ашылады.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Бірыңғай жиынтық төлем іске қосылды. Сол арқылы қатарынан мемлекеттік кірістер органына төленетін жеке табыс салығын, БЖЗҚ-ға төленетін міндетті зейнетақы жарналарын, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік жарнаны жүзеге асыруға болады.

«БЖЗҚ» АҚ Алматы облыстық филиалы