БІР ЖЫЛДА 118 МЫҢ ПӘТЕР: КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Уақыты: 29.03.2019
Оқылды: 1396
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Кезекті Үкімет отырысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы мен «7-20-25» бағдарламасын іске асыру барысы қаралды. Еңбек саласын жақсарту мәселесі де осы жиында талқыланды.

 

Осы мәселелер бойынша аталған салаға жауапты министрлер сөз сөйледі. Онда белгілі болғандай, биыл 118 мың пәтер салу жоспарланған. Мемлекеттік инвестициялар есебінен 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 27 мыңнан аса адам баспаналы болу бақытына қол жеткізбек. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы үшін аймақтарға республикалық бюджеттен 32,8 млрд. теңге қарастырылған. Көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үй құрылысына және сатып алуға аймақтарға 50 млрд. теңге бөлу көзделген. 

Жалпы аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бұл жыл сайын көпбалалы 6 мың отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Яғни, 7 жылда 40 мыңнан аса пәтер беріледі. Бұл үшін 25 млрд. теңгенің құрылыс жобалары тізімі жасалған. Ал дайын пәтерлерді сатып алуға 25 млрд. теңге қарастырылған. Яғни, бұл көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуді жылдамдатуға ықпал етпек. Несиелік тұрғын үй бағыты бойынша әкімдіктер 11 719 пәтердің құрылысына 108,8 млрд. теңге тартуды жоспарлауда.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банк арқылы көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған және толық емес отбасыларға 20 жылға дейін алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын, жылдық ставкасы 2 пайыз жеңілдетілген несиелеу жүйесін енгізу көзделуде. Алғашқы жарнаға тұрғын үй сертификатын пайдалануға мүмкіндік бар. «Егер «7-20-25» бағдарламасы көбіне төлем қабілеті бар халықты қамтитын болса, бұл орайда әлеуметтік сала мен бюджеттік ұйым жұмысшылары үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банк өнімі басымырақ болмақ. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 10,5 мың өтінім берілген, оның ішінде банктер 6,2 мың өтінімді мақұлдапты. 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 1 мамырдан бастап баспаналы болғысы келетін көпбалалы отбасылар үшін пәтер бөлу басталатынын айтып, тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту, «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу, құрылыстағы отандық үлесті 90 пайызға дейін ұлғайту жөнінде тапсырма берді. 

Еңбекақыны көбейтіп, еңбек қақтығыстарын шешу бағыты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сөз сөйлеген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғап, уақытылы және лайықты еңбекақы төлеу бірінші кезектегі міндеттің бірі екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, жалақы бойынша берешекті өтеудің нәтижелілігін арттыру мақсатында министрлік мемлекеттік еңбек инспекторларының ұйғарымын сот орындаушыларының атқару құжаттарының тізбесіне қосуды ұсынуда. 

Бұл оларды сот шешімдерімен теңестіруге және олардың мәжбүрлеп орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Үкімет басшысы әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеудің тиімді жүйесін құру қажеттігін айта отырып, аймақ әкімдеріне еңбек ұжымдарында әлеуметтік қақтығыстардың туындауына жол бермеу мәселесін бақылауда ұстауды міндеттеді. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті мемлекеттік органдар және кәсіподақтармен бірлесіп бір ай ішінде еңбек қауіпсіздігі бойынша бес жылға арналған кешенді Жол картасын әзірлеу тапсырылды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА