«БӘЙТЕРЕКТІҢ» БАЛАЛАРЫ НАУРЫЗ ТОЙЛАДЫ

Уақыты: 01.04.2019
Оқылды: 1623
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жас ұрпақтың бойына ата салты, халқымыздың байырғы дәстүрін сіңіріп, оларды ұлтжандылыққа баулуды көздеген «Бәйтерек» күндізгі болу орталығының ұжымы әз-Наурыз мерекелік кешін ұйымдастырды.

 

Ғимаратқа аяқ басқаннан-ақ ұлттық киім киген тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды. Домбыраның күмбірі, орындалған халық әндері жүректі тербеп, ұлттық құндылығымызды дәріптеді.

Аталған орталықта бүгінде 108 бала тәрбиеленуде. Күндіз бұл мекемеде 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиялары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет өте жоғары деңгейде көрсетіледі. Жүрегі мейірімге толы қызметкерлер тағдырдың ауыр сынағына түскен балаларды мейірлене құшақтап, оларға қуаныш сыйлау үшін қолдан келгенді жасауда. Мерекеге орай «Жалын», «Жігер», «Жұлдыз», «Бәйтерек» ауылдарында халқымыздың «тұсау кесу», «құда күту», «сырға салу» сынды салт-дәстүрлеріміздің маңызы мен қадір-қасиеті түсіндірілді. Сәбидің тұсауын кесу арқылы барлық жөн-жоралғыларды сақтай отырып, балаларға тамаша көрініс көрсетілді.

Шараға келген қонақтар балғындардың өнерін тамашалап, кәдесыйларын ұсынып, ақжарма тілектерін айтты. Мерекеде көпшіліктің мейірімін сезінген балалар шаттанып, бар өнерлерін ортаға салды. Мұндай қуанышты күні көпбалалы аналарға ерекше құрмет көрсетілді. Он жеті Батыр ана кештің құрметті қонағы болды. Оларға мекеме атынан Алғыс хат және сыйлық тапсырылды.

Біз үшін ана мен баланың күлкісінен артық бақыт жоқ. Орталыққа келіп жүрген әр бала бір-бір үйдің, тұңғышы, еркесі. Олардың жақсы көңіл-күйде жүргені, күліп, ойнағаны бәрімізге маңызды. Мүмкіндігі шектеулі балғындардың қуануы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Міне, Наурыз тойы соның бір дәлелі. Қандай шара өткізсек те, ана мен баланың қуанышы біз үшін бәрінен де қымбат. «Қуанса, бала қуансын» деген ұстанымды ұстанған біздің қызметкерлердің төзімділігі мен еңбекқорлығын да ерекше атап өткен жөн. Ең бастысы ел тыныш, арайлап атқан әрбір таң шат көңіл, бақыт және береке сыйласын. Ешқашан балалар ауырмасын деген аналық тілек бар, – дейді «Бәйтерек» орталығының директоры Айгүл Диханбаева.

Әке-шешесін қуантып, ел-жұрттың қошеметіне бөленген ұл-қыздардың да жанарында жарқыл ойнады. Шара барысында «Аяулы әжелер» ансамблі концерт қойып, асқар таудай әкелер қоларбада отырған бүлдіршін қыздарымен бірге «хрустальный вальс» биін биледі.

Мұндай тәрбиелік мәні зор кеш жас ұрпақ бойына ұлтжандылық, туған халқының салт-дәстүріне деген құрметті дарытып, бала көңілін өсіретіні анық. Ендеше осындай шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген «Бәйтерек» орталығының тәрбиешілері тәрбиелеген балғындар нағыз елжанды азамат болып өсері сөзсіз.

Еңлік КЕНЕБАЕВА