ЗЕЙНЕТАҚЫ: ЕҢ КӨП ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

Уақыты: 03.04.2019
Оқылды: 1110
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Біз газет пен сайттың тұрақты оқырмандарынан, әр аймақтағы тұрғындардан түсетін сұрақтарға жауап беруді жалғастырамыз. Азаматтарды ҚР Заңдарына 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген өзгерістер қызықтырады. Олардың кейбірі зейнетақы аударымдарына қатысты. Міне, бүгін солар туралы әңгімелейтін боламыз.

Фрилансерлер деген кімдер?

Фрилансерлер – азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар атқаратын, қызметтер көрсететін жеке тұлғалар. Олар жұмыс орны мен жұмыс істеу уақытын көп жағдайда өздері белгілейді және тапсырыс берушімен көп жағдайда қашықтықтан байланыс жасайды. Интернет желісі дамығаннан бері фриланстық жұмыстар әсіресе, журналистика, заң, компьютерлік бағдарлама, дизайн, аударма салаларында кеңінен дамыған.

Белгілі бір мекемеде еңбек келісім-шарты бойынша жұмыс істейтін, бірақ салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғамен жасалған азаматтық-құқықтық шарттар бойынша қосымша табыс алатын жұмысшылар міндетті зейнетақы жарналарын қалай төлейді?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, агенттер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын ай сайынғы табыстың 10 пайызы мөлшерінде төлейді. Бұл ретте МЗЖ есептеу үшiн алынатын ай сайынғы табыс тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауы тиiс. Заңның 24-бабы, 2 тармағының 5) тармақшасына сәйкессалық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша алған табыстан Қорға МЗЖ төлеуден босатылады.

Бұдан басқа, Заңның 39-бабы, 2 тармағының 1-1) тармақшасында көзделгеніндей, салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын Қазақстан Республикасының азаматтары өздерінің ұйғаруымен Қордағы жеке зейнетақы шотына МЗЖ аудару құқығына ие. Бұл үшін олар жарналарды екінші деңгейдегі банктер немесе Қазпошта арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына «010» төлем мақсатының кодын пайдалана отырып, төлей алады. Әрі қарай Мемлекеттік корпорация жарналарды Қорға аударады. Бұл ретте МЗЖ мөлшері алған табыстың 10 пайызын құрайды, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына бекітілген ең төменгі жалақының 10 пайызынан кем болмауы тиіс.

Міндетті зейнетақы жарналарын осылайша Қорға өз еркімен аудару жеке зейнетақы капиталын қалыптастыруға оң әсер етеді. Атап өту керек, егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың бір тарабы салық агенті, яғни заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар болса, олар жеке тұлғаларға, оның ішінде фрилансерлерге азаматтық-құқықтық шарттар бойынша төлеген табыстан МЗЖ төлейтін агентке айналады. Бұл ретте МЗЖ алған табыстың 10 пайызы мөлшерінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 10 пайызынан кем емес және 50 еселенген мөлшерінің 10 пайызынан жоғары емес мөлшерде белгіленеді.

Қазіргі кезде елімізде еңбек келісім-шарты бойынша қос қызметті қатар атқаратын азаматтар зейнетақы жарнасын қалай төлейді? Яғни, еңбек келісім-шартын жасасқан екі мекеме де зейнетақы жарнасын аударып отыра ма?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабына сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын осы заңда айқындалатын мөлшерлемелер бойынша салық агенті болып табылатын жұмыс берушілер аударады. Сәйкесінше жұмыскермен еңбек шартын жасасқан екі мекеме де БЖЗҚ-ға жұмыскердің пайдасына МЗЖ аударуға міндетті.

Жаңа заң қашаннан бастап күшіне енеді?

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 203-VI Заңы негізінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына тиісті өзгерістер енгізілді. Заңға енгізілген бұл өзгерістер БЖТ енгізуге азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар атқарып, қызметтер көрсететін жеке тұлғалар үшін МЗЖ төлеу рәсімін оңайлатуға және МЗЖ есепке алу үшін БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шотының өтініш берушілік сипатта ашылуын жоюға бағытталған. Енді жеке тұлғаның МЗЖ есепке алу бойынша БЖЗҚ-да ашылған зейнетақы шоты жоқ болса, алғашқы жарна келіп түскен кезде зейнетақы шоты Қордың ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады.

БЖЗҚ баспасөз қызметі