КӘСІПОДАҚ: МҰҒАЛІМДЕРДЕН ТҮСЕТІН ШАҒЫМ АЗ

Уақыты: 08.04.2019
Оқылды: 2322
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Біздің күшіміз бірлікте» атты форум өтті. Оған аймақтағы өкілдер қатысып, кәсіподақ жұмысын тиімді ұйымдастыру және мүшелерінің беделін көтеру бағытындағы мәселелерді талқылады.

Шара барысында облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Садық Әбдіқадіров атқарылған жұмыс пен алдағы жоспар жайында баяндама жасаса, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Төлеутаева өз салалары бойынша нәтижелерді таныстырды.

Әрине, бірлік бар жер де тірлік болады. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді». Форум осындай үлкен жауапкершілік тұрғысынан  жұртқа ой салды. Өйткені әр деңгейдегі кәсіподақ ұйымдары мұғалімдердің құқығын қорғай отырып, елдің тыныштығы мен бірлігін сақтайды. Яғни, еңбек қатынастарында дау-дамайлар үнемі туындап отырады. Оны дер кезінде шешіп отырғанда ғана оның ары қарай өршіп кетпеуін тежеп, ортақ істі өркендетеді. Осыған орай, қазақстандық сапалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Майра Амантаева өз пікірін білдіріп, ұсынысын ортаға салды.

– Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан мұғалімдерге көптеген жақсылық жасалып жатыр. «100 мектеп, 100 аурухана», «Дипломмен ауылға!» бағдарламалары сәтті орындалып жатса, мұғалімдердің жалақысын көтеру, әлеуметтік жағдайын жақсарту күн тәртібінен түскен жоқ. Дегенмен, мұғалімдер мәртебесін көтеру ісінде әлі де қордаланған мәселе көп. Бұл туралы кәсіподақ ұйымдарына түсіп жатқан арыз-шағымдар жетерлік. Бірақ Алматы облысындағы мұғалімдерден түсетін шағым тым аз. Демек, аймақтағы кәсіподақ ұйымдары мен білім басқармалары бірлесіп жұмыс атқарып жатыр деген сөз, – дейді ол.

Бүгінде қоғамда педагог статусына байланысты көптеген сұрақ туындап жатады. Педагогтардың мәртебесінің төмендеп кеткендігі туралы ақпарат беттерінде жиі жазылып жүр. Оның сан түрлі себебі бар. Мәселе онда емес, сол себептердің салдарын жоюда болып тұр. Осыған орай, Майра Амантаев «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар туралы өз ойын білдіріп, оның қоғамдағы түрлі келеңсіздікті шешуге септесетінін жеткізді. Сондай-ақ, кәсіподақ қызметіндегі жаңашылдықтарды да тілге тиек етті. Оның айтуынша, биыл Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының республикалық съезін өткізу, Жастар жылына орай айтыс ұйымдастыру, тағы басқа ауқымды шара жүзеге асады. Осы арқылы кәсіподақ ұйымдары өздерінің бастамашылдығын көрсетпек. Сол қатарда Талдықорған қаласында республикада бірінші рет кәсіподақ ұйымының жас көшбасшылар лагерін ұйымдастырып, оларға халықпен қалай жұмыс істеу, заң-актілерді қалай атқару, еңбек қауіпсіздігін сақтаудың жолдарын түсіндіру арқылы тәжірибесін шыңдауды жоспарлап қойған.

Шара соңында кәсіподақ саласына еңбегі сіңген бірқатар қызметкерге арнайы төсбелгі табысталып, Алғыс хатпен марапатталды.

Қажет АНДАС