КӘСІБИЛІК – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Уақыты: 08.04.2019
Оқылды: 1506
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мамандандыру өте маңызды. Өйткені, барлық саланың маманы болу мүмкін емес. Осылайша қызмет көрсету сапасын көтеріп, тәжірибеге бағытталған заңгерлерді жеке мамандандыру бойынша ажырата білуіміз қажет.

Оқиғаларды алдын ала болжай отырып, заңнамалық ойдың дамуын қадағалау керек және заңнамалық бастамаларды енгізумен қатар жаңа бағыттар бойынша тәжірибеге бағытталған заңгерлерді дайындау қажет.  
Заң тәжірибесіндегі соңғы жаңалықтардың бірі – «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Жайылым мәселелері бойынша істің толқыны болатынын түсіне отырып, заң негізінде көмек көрсететін компаниялар заң күшіне енген сәттен бастап жайылымдар саласындағы заңгерлерді алдын ала дайындайды. Бұл – азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметке кәсіби қарым-қатынастың бір ғана мысалы.
Енді «Тәжірибеге бағытталған заңгер кім?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Біздің ойымызша, тәжірибеге бағытталған заңгер – бұл тек жоғары заңгерлік білімі бар, сондай-ақ, алған білімін тәжірибеде жүзеге асыратын маман. Атап айтқанда, мұндай маман кәсіби саладағы заңнаманы білуімен, оны дұрыс қолдануымен ерекшеленеді. 
Кез келген заңгер өзін-өзі жетілдіру нәтижесінде ғана талантты, табысты атанады. Ең алдымен, бұл біздің жоғары оқу орындарында теория мамандарын тәрбиелеумен байланысты. Ал құқықтық саланы практикада қолдану үйретілмейді. Егер жас маман жақсы заңгерге, жақсы тәлімгерге жолықса, ол аз уақыттың ішінде алған білімін тәжірибеде қолдана алады. Алайда жақсы заңгер болғанымен, біліктілігі төмен тәлімгерге жолыққан кездер де кездеседі. Одан бөлек, ортаңқол заңгер мен білімсіз тәлімгердің қолына түссе, онда оның түптің-түбінде тәжірибелі маман болып қалыптасуы екіталай. 
Жоғарыда келтірілген мысалдар, тек құқықтану саласына қатысты деп айтудан аулақпыз. Себебі, жақсы оқытушы – көп ақпарат беріп қана қоймай, білімгердің пәнді түсінуге талпынысын ашатын адам. 
Жас маманды қалыптастыру барысындағы маңызды жайт, бұл – оқу, өндірістік іс-тәжірибе және тағылымдама. Осы уақыт ішінде заңгер-студент: 
– заңдардың, құқықтық және нормативтік актілердің мәнін түсіну және оларды іс-тәжірибеде табысты қолдануды;
– мемлекеттік органдарда, заңды және жеке тұлғаларға қатысты заңнамалық нормалар жұмысының тиімділігін қамтамасыз етуді;
– фактілер мен жағдайларды дұрыс және сауатты заңдық саралау және негіздеуді;
– құқықтық сипаттағы құжаттарды құрастыру, құқықтық актілерге сараптама жүргізу, заңдық кеңес беру және қорытынды беруді;
– заңға сәйкес уақытылы заң шешімдерін қабылдауды;
– кінәлі адамдарға жауапкершілік пен жаза шараларын анықтау, құқық бұзушылықты қалпына келтіру жөнінде тиісті шаралар қабылдауды;
– заңнамаларды тәжірибеде қолданып, оны егжей-тегжейлі зерттеп, өз біліктілігін арттыру бойынша үнемі жұмыс істеуді;
– заңнама мен арнайы әдебиетте тез бағдарлануды жақсы білуі қажет. 
Студент үшін іс-тәжірибелік сабақтардың маңызы зор. Практиканың негізгі мақсаты – теориялық білімді бекіту, нақты жұмыс іс-әрекеті жағдайында кәсіби дағдылар мен іскерлікті пысықтау екенін түсіндіру. Соның өзінде практикадан өту барысында жоғарыда айтылған білімді алмайды. Көбінесе ұсақ тапсырмалармен шұғылданады. Ал мұның басты себебі – онда бекітілген жетекшінің жастарды оқытумен айналысуға ынтасы жоқ тағы. Оларды да түсінуге болады. Сондықтан студенттердің өз бетімен үйреніп-білуге талпынуы маңызды. 
Заңгердің бәсекеге қабілеттілігінің артуына әсер ететін ең маңызды аспект – жұмыс істейтін нақты мекеме шеңберінде диплом алғаннан кейінгі білім алу жүйесі. Бұл жүйенің басты мақсаты – заңгер өз бетінше оқуға, өз-өзіне мұғалім де, оқушы да болуды үйрену. 
Дипломнан кейінгі білім беру аясында заңгерге ең алдымен өзінің мақсатын анықтауға көмектесу қажет. Әсіресе, жас мамандар кәсіптің беделін немесе ата-аналардың ниеттерін емес, ең алдымен өзінің мүдделерін басшылыққа алуы маңызды. Өйткені, заң факультетін бітіруі оның кәсіби маман екенінің көрсеткіші емес. Ол үшін жас маман жұмыс істегісі келетін кәсіби қызмет саласын анықтауы тиіс. 
Кәсіби өзін-өзі дамыту субъектісі, құқық саласындағы өз қызметін анықтағаннан кейін оған өзінің кәсіби қызметіне арналған жоспарларды анықтауға көмектесу қажет. Егер заңгер мұндай жоспарды бір жылға емес, бірнеше жылға алдын ала жасаса, бұл жоспарды жүзеге асыруда белгілі бір тактиканы таңдаса тіпті жақсы. Үлкен биіктіктерге жеткен жағдайда да заңгер үшін өз алдына жаңа мақсаттар қойып, алға жылжуды жалғастыруы маңызды. Сонда ғана ол «кәсіби жану» синдромына ұшырамайды және әрқашан бәсекеге қабілетті болады. Мұнда өзін-өзі дамыту субъектілерін өз жетістіктерін жазуға, тұрақты қабілетін қалыптастыруға, кәсіби қызметтің өз нәтижелерін әр күн ішінде де, жыл бойы да талдауға үйрету үлкен рөлге ие. Өйткені, кезекті жұмыс күнінің бекер өтуі – заңгердің өзінің кәсіби мансабына жетпеуі. Одан кейін мұндай қателіктерді жасамауға және уақытты ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Өз рекордтарын орната отырып, маман үнемі өзін жеңуге, кәсіби табысқа қол жеткізуге ұмтылады. Өз кезегінде бұл бәсекеге қабілетті мамандар санын арттырады. 
Қорыта айтқанда, тәжірибеге бағытталған заңгер бәсекеге қабілеттілігі жоғары болуы қажет. Білікті маман болудың ең жақсы жолы – өзін-өзі дамытумен айналысу. Заңгердің кәсіби өзін-өзі дамытуы – бүкіл кәсіби қызмет барысына созылатын ұзақ процесс. Кәсіби өзін-өзі дамыту – заңгердің тиімді қызметі мен бәсекеге қабілеттілігінің маңызды алғышарты.

Болат МОЛДАБЕКОВ, 
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің құқық және экономика  
факультеті «қылмыстық-
құқықтық пәндер» 
кафедрасының аға оқытушысы, 
Бекарыс СЛЯМКЕНЖЕ,
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ «құқықтану» мамандығының 3-курс студенті