ЖЕТІ БАЛАНЫҢ АНАСЫНА ҮЙ СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 17.04.2019
Оқылды: 1538
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Баланың қамы - ұлттың бағы. Бұл - бабадан келе жатқан тәмсілдің тәттісі. Сол бір өрелі сөзден өріс алған Текелі қаласындағы "АСПМК-519" ЖШС ұжымы қайырымдылық көмек ретінде жалғызбасты көпбалалы ана Назгүл Кужикееваға 4 бөлмелі үйдің кілтін табыстады. Мекеме басшысының орынбасары Константин Вологодский ұжымындағы азаматтарымен бірлесіп, салтанатты түрде үй құжаттарын да ендігі иесіне тапсырды.

Бұған дейін 7 баланың анасы жалдамалы үйде тұрып келген. Назгүл Амангелдіқызы – "Күміс алқа" иегері. Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыста. Үлкен балалары – Айбол, Роман, Анель, Айбар мектеп қабырғасында оқиды.  Ал Бағдат пен Ануар балабақшада. Кішкентай қызы Инабат енді ғана еңбектеп жүр. Инабат 1 жасқа толғаннан кейін, «Алтын алқаға» құжат тапсырады. Қазір мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек есебінде 76492 теңге алып отыр.

Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев бұл қуанышты сәттің тағы да жалғасын табуын тілеп, арнайы шашу шашты.

– Текелі қаласында 415 көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде 170-і пәтерге, тұрмыстық жағдайларына байланысты мұқтаждықта. Жалпы ресми кезекте тұрған 55 көпбалалы отбасы бар. Соны ескере отырып, осыдан 2 апта бұрын қалалық мекеме басшыларын шақырып, жәрдем беруге арнайы қор құрдық. Сол қорға қазір қаражат жиналып жатыр. Соның ішінде "АСПМК-519" ЖШС өзінің ерекше ықыласын танытып, бір отбасын қуантып отыр. Біз алдағы уақытта осындай азаматтардың қатары артады деген үлкен сенімдеміз, – деді қала әкімі Бақтияр Әлтайұлы.

Жанарында жалын ойнаған балалардың қылығына келген көпшіліктің бәрі сүйсінді. Өз шаңырақтарында емін-еркін ойнауға кіріскен бүлдіршіндердің әрекеті таңдай қақтырады. Анасы сыртқа шыққанда іні-қарындастарына бас-көз болып қалатын Айдардың көңілі алып-ұшып тұр. Арманының ақиқатқа айналғанына дән риза.

– Біздің енді өз үйіміз бар. Іні-қарындастарым да мәз. Мектепке де жақын. Бұрынғыдай жиі-жиі үй ауыстырмаймыз. Анамның да уайымы сейілетін болды. Осындай мереке сыйлаған ағаларға рақмет айтамын. Бұл шын мәнінде біздің отбасыға үлкен көмек болды, – дейді үйдің үлкен ұлы.

Иә, «бір қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деп түсінген текті жұрттың бар тілегі - ұрпағының амандығы. Біз рухы өр, жүрегі жомарт халықпыз. Оған дәлел – осындай аузын ашса жүрегі көрінетін азаматтар. Қайырымдылық жасауға асыққан жанға Құдай да жақ. Олай болса ел ішінде қолы ашық, мәрттіктің биігіне шыққан адамдар көп болсын дегіміз келеді.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Текелі қаласы