ОЛАР КӨМЕК КҮТЕДІ

Уақыты: 22.04.2019
Оқылды: 1091
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қапшағай қаласының №4 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті денсаулығында ақауы бар балаларға көмек пен қолдау көрсетеді. Қапшағай қаласында есепте ерекше білім беру қажеттілігі бар 149 бала тұр. Олардың 93-і қалалық түзету орталығында жеке-дамыту бағдарламалары бойынша білім алады.
Орталықта балалардың психофизикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, кешенді емдеу, түзету және әлеуметтік бейімдеу, тәрбиелеу мен оқытуға барлық жағдай жасалған. Балалардың толық ем алуы үшін толыққанды жабдықталған.
- Біздің мақсатымыз - бала дамуындағы ауытқушылықтар мен артта қалушылардың алдын алу. Ата-аналарға балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және денсаулығын қорғау мәселелері бойынша консультациялық және әдістемелік көмек көрсетеміз. Дефектолог, логопед, тифлопедагог, сурдопедагог, олигофренопедагог, психолог, ерте даму араласу маманы, әлеуметтік педагог, тәрбиеші, музыка ырғағы бойынша педагог, емдік денешынықтыру маманы, дәрігер-невропатолог, мейірбике, массажистер балалармен жұмыс істейді, - дейді психологиялық-педагогикалық түзету мекемесінің басшысы Галина Күзетова.
Түзету орталығында өткен "ашық есік" күніне 120-дан астам адам келді. Шарада "Қамқор жүрек" мүгедектер қоғамдық ұйымының басшысы Ләззат Салықова кез келген адамның бақыт пен махаббат құқығына ие екендігін айтып, өзінің авторлық әнін сыйға тартты. Салтанатты жиыннан соң орталық бойынша экскурсия жүргізіліп, мамандар ашық оқу және дамыту сабақтарын өткізді. Қуыршақ қойылымы балаларға қуаныш сыйлады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"