БАЛАЛАРҒА БОЛАШАҚ СЫЙЛАЙДЫ

Уақыты: 23.04.2019
Оқылды: 1253
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өмір – сынақ. Бұл жалғанда әркімнің басына түрлі ауыртпалық беріледі. Алайда баланың дерті сол сынақтың ішіндегі ең ауыры әрі қиыны. Ана мейірімі шексіз, ана мейірімі күшті, қуатты. Сондықтан тағдырдың қандай қиындығы болсын асыл жандар төзе біледі. Баласымен бірге тауқымет арқаласа да олар тағдырына риза. Аяулы аналарға баласының риясыз күлкісінен, аз да болса жеткен жетістігінен асқан бақыт та, байлық та қажет емес. Бүгін қаламызда қаншама ана мен баланың ертеңіне деген үміт жібі қайта жалғанды. Оған «Қазақ медициналық қоғамы» қоғамдық бірлестігі Талдықорған қалалық филиалының мұрындық болуымен күндізгі болу орталығының ашылуы дәлел. Салтанатты жиынға «MAKSAT Мед» емханасының директоры, медицина ғылымдарының магистрі, ересектер және балалар невропатологы, инемен емдеуші жоғары санатты дәрігер Мақсат Әбдіқадырұлы, Қазақ және Шалқар радиоларының Алматы студиясының жетекшiсi, айтыскер ақын Бақыт Жағыпар, белгілі ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы және жаны жомарт жандар қатысты.

Балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсететін орталықтың ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Жиынға келген қонақтар балғындардың өнерін тамашалап, ақжарма тілектерін айтты. Мерекеде көпшіліктің мейірімін сезінген балалар шаттанып, бар өнерлерін ортаға салды. Әсем ән айтып, мың бұрала билеген балғындар көптің ықыласына бөленді. Әсіресе, ем алушы балалардан құрылған ансамбль қонақтардың көңілінен шықты. Олар түрлі аспапта ойнап, өздерінің қоғамға бейімделіп келе жатқандығын көрсетті. Осы тұста тәрбиешілердің елеулі еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

Медицина тілінде «ДЦП» аталып жүрген церебральды сал ауруы, аутизм бүгінде біраз отандасымызды қайғыға салған ауыр дерт болып отыр. Аталған сырқаттың емін тауып, тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбегінің арқасында көптің ризашылығына бөленіп жүрген Мақсат Әбдіқадырұлы басқаратын «MAKSAT Мед» медициналық орталығы 2011 жылдың 1 мамырында Алматы қаласында құрылған. Содан бері халыққа жоғары деңгейде өз қызметін ұсынып келеді. ТМД елдерінен, Қытайдан арнайы келіп ем қабылдағандар да бар. Сал ауруларын заманға сай аппараттар мен құрылғы, қондырғылардың көмегімен емдеу бұл жерде іске асырылады. Атап айтқанда, жүйке жүйесі, қан тамыр, ас қорыту, зәр шығару жүйелеріне қатысты сырқаттарды емдейді. Гинекология, стоматология кабинеттері тағы бар. Міне, бүгінгі қоғамдағы әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында туабітті пайда болған түрлі ауруларды емдеу жолында еңбек етіп, қазақ баласының болашағы үшін жаны ауырып, жүрегі сыздаған Мақсат Әбдіқадырұлының тәжірибесінде сал ауруына шалдыққан 4 бала аяққа тұрып, тұсаукесер өткізген. Сөйлеуден қалған алты баланың тілашар тойы жасалған. Бұл – үлкен жетістік. Осы мақсат жолында орталық ашып, балаларға жарқын болашақ сыйлауды көздеген білікті маман еңбегі жетісулықтарды зор қуанышқа бөледі.

Әлем бойынша бұл дертке шалдыққандар саны жыл өткен сайын артып келеді. Бірақ медицина мамандары оған қол қусыра қарамау керек. Елімізде медицина саласына өте жақсы көңіл бөлініп жатқандығы бізді қуантады. Осындай мүмкіндікті текке пайдаланбай, нәтижелі жұмыс жасауды үйренсек деп айтқым келеді. Біздің орталық ашылғалы бері дертінен айығып, аяққа тік тұрып, жүріп кеткен науқастардың қуанышы бізге күш береді. Олардың бірауыз сөзі арқылы біз жігерленеміз. Міне, осындай мақсаттың нәтижесінде Жетісу жерінен заманауи күндізгі болу орталығын аштық. Қазір мұнда 25 адам жұмыспен қамтылып, 40 бала тегін қызметке ие болды. Балаларды таңертең үйінен алып, кешке апарып тастайтын көлігіміз бар. Оларға үш уақыт ыстық тамақ беріледі. Ең бастысы, науқастар алатын медициналық көмек түрлері көп. Әсіресе, білікті мамандар массаж жасау арқылы балаларды қоғамдық ортаға бейімдейді. Олармен сөйлесіп, ойын ойнап, психологиялық көмек түрлері де көрсетіледі. Біздің мақсат – тағдырдың тәлкегіне түскен балаларға көмек беру. Оларды аз да болса жетістікке жеткізіп, еліміздің ертеңі үшін ұрпақ алдында адал қызмет ету, – дейді Мақсат Әбдіқадырұлы. 

Салтанатты шарада облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ішкі еңбек рыногын қорғау және әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Ақзира Нұрсәулеқызы орталықтың ашылуымен көпшілікті құттықтады. Ақжарма тілекті жалғаған Жанарбек Әшімжан бала үшін түн ұйқысын төрт бөлген аяулы аналарға алғыс айтып, мұндай игілікті іс атқарып отырған азаматтардың жұмысына табыс тілеп, әлеуметтік саланың әлеуетін арттыру үшін жауапты мамандар көп көңіл бөлсе деген ұсынысын айтты. 

Бүгінде орталықта 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиялары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек 40 бала тегін қызмет түрін пайдалануға мүмкіндік алды. «Қазақ Медициналық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалына Айман Жантасова басшылық етуде. Балалардың жас ерекшелігіне қарай олар «Балдәурен», «Жалын», «Нұрлы жол» болып үш топқа бөлінген. Аталмыш әлеуметтік қызметтерді ұсыну үшін бұл жерде логопед, психолог, медициналық-емдік дене шынықтыру және массаж кабинеттері мен сезім дамыту, музыка залы, топтық сабақтарға арналған бөлмелер бар. 1,5 жастан 5 жасқа дейінгі балалар үшін жатын бөлмесі де қарастырылған.

АЛҒЫСЫМДЫ АЙТАМЫН

Индира САБИРОВА,

ана:

– Аурудың жақсысы жоқ. Ғылыми тілде аутизм балаларын «жаңбыр балалары» ал сал ауруға шалдыққандарды «күн балалары», деп айтады. Олармен жұмыс істеу үлкен еңбекті талап етеді. Мінез-құлықтары да тез өзгереді. Күліп тұрып жылай салады. Немесе керісінше. Мұндай қиыншылықты ешкімнің басына бермесін. Өз басым бұл орталық ашылғанда қатты қуандым. Өйткені, қазір мұндай дертпен туып жатқан бала саны көп. Оларды бірден орналастыратын арнайы орталықтарда, өкінішке қарай, орын саны шектеулі. Мен ұлымның болашақта құлан-таза жазылып кететініне сенемін. Ұлым 10 жаста. Есімі – Нұрасыл. Алғашқы күндері ортаға қосыла алмай қала ма деп қатты уайымдадым. Себебі, ұлым үйден шығып көрмеді. Балалармен де көп араласпайды. Содан 1-2 сағат қасында қалып, балалармен таныстырып, психологиясымен біраз жұмыс жүргіздік. Қазір оған бұл жер ұнайды. Үйге қайтарда көңіл-күйі сәл түсіп қалады екен. Достарын, апайларын қимайды. Біз үшін баламыздың ойнап-күлгенінен артық бақыт жоқ. Перзенттерімізге осындай жақсылық жасап жатқан Мақсат ағамызға, мекеме директорына, тәрбиешілерге аналық жүрегіммен алғыс айтамын.

Әлеуметтік-медициналық қызмет түрлері бала денсаулығына байланысты атқарылады. Барлық емдік массаж әр түрлі техникалармен және әсер ету тәсілдерімен негізделген түрлерге бөлінеді. Жалпы, орталықта нейро дамыту терапиялық, кандуктивтік педагогика, жетек арбалар мен сүйенетін жақтаулары бар вертикализаторларды пайдалана отырып, «Қадам» кілемшесімен, шарға толы бассейнмен, велосипедпен емдеу әдістері жүргізіледі.

 

Ауыр дертке шалдыққан балалардың психоэмоционалды жай-күйін жақсарту – тікелей орталықта қызмет атқаратын білікті де білімді мамандардың міндеті. Жүрегі мейірімге толы қызметкерлер тағдырдың ауыр сынағына түскен балаларды мейірлене құшақтап, оларға қуаныш сыйлау үшін қолдан келгенді жасауда.

Осы тұрғыда психолог Гаухар Сатованың жұмысына тоқталсақ. Маманның айтуынша, тәрбиеленушілерге мінез-құлқын түзету, психодрамма, арттерапия, құм, дыбыс, жарық, ертегі, музыка терапиясы арқылы ем шаралары жүргізіледі. Бір қызығы, ашу үстінде тұрған баланы әңгімеге тартқаннан қарағанда жоғарыда атап өткен терапия әдістерін қолданғанның нәтижесі көп екен. Психолог маман тек балаларға емес, сонымен бірге, ата-аналарға да психологиялық көмек көрсетеді. Мұнда еңбек ететін әр маманның арманы – бала денсаулығының жақсарғанын көру.

Мемлекет немесе жаны жомарт жандардың қолдауымен осындай орталықтар салынса да, білікті мамандар балалармен нәтижелі жұмыс істесе де, бар салмақ ата-ана мойынына артылатыны ақиқат. Бала үшін жанын беруге дайын аналардың қаншама ұйқысыз түндерін, жан қиналысын сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Перзентінің амандығын, сауығып кетуін тілеп жүрген аналар балаларын жетектеп, орталыққа келуде. Олардың ертеңгі күнге деген үміт оты кеуделерінде қайта тұтанғандай. Баласының қаз-қаз басқанын, былдырлап сөйлегенін, басқа балалардай асыр салып ойнағанын көргісі келетін аналардың сенімі еселенгендей. Ең бастысы, бала ұйқысы тыныш, ана көңілі жайлы болса деп тіледік.

Салтанатты шара соңында қонақтар мен ата-аналарға, балаларға арналып ақ дастарқан жайылды.  «Қазақ Медициналық қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасы балаларға естелік сыйлықтар таратты. Жомарт жандар орталықтағы балаларға ақшалай сыйлық беріп, ақ тілектерін айтты. Осы жолда тер төгіп жүрген азаматтардың ісіне береке берсін дейміз.

Еңлік КЕНЕБАЕВА