ӘДЕП КЕҢЕСІ: ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Уақыты: 24.04.2019
Оқылды: 1215
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қалың қауымның мемлекеттік қызметкерлерге қарай бой түзеп, ой жүйелейтіндігі, ел дамуының асу-белестерін бағдарлап жүретіндігі ежелден хақ. Демек, жергілікті жердегі қоғамдық-саяси ахуалды таразылау, жұртшылықтың көкейіндегі түйткілді дүниелерді күні бұрын біліп отыру билік үшін басты міндет. Дәл осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезек күттірмес күрделі шаруаларды алға тартып, негізгі темірқазық арнаны алғашқы күннен-ақ белгілеп берген еді.

Ендігі жерде мұндай өрелі міндеттің үдесінен табылуды мақсат тұтқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облысымыздағы Әдеп кеңесі бұған дейін қолға алынған шаруаларды барынша ширатуға ден қойған. Аталмыш Әдеп кеңесінің мүшесі, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін белгіленген кестеге сәйкес өткен апта соңында Кербұлақ ауданында болып қайтты.

Сапар барысында әсіресе тұрғындармен кездесудің, нақтылай түссек, ықылас білдірген кербұлақтықтарды қабылдаудың мейлінше әсерлі өткендігін айтар едік. Бұлай шығуының себебі, әңгіменің әдеттегі қабылдаулардағы белгілі бір ғана тақырып аясында қасаң қалып қалмағандығы. Мәселен,Сарыөзек ауылының тұрғыны Салтанат Дәулетбекқызы мемлекеттік қызметке орналасудың жай-күйін білуді ниет еткен екен. Талапкердің табиғатынан қызметке тұрсам, елімнің мүддесі үшін замандастарыммен қатар қал-қадірімше қарымды еңбек етсем деген жалынды жасқа тән ниетті аңғарған Әміре Әрін әңгіменің өрісін кеңейтіп, ұлттық рух, қазақы қалып, дәстүр-салтқа қарай бұрды. Қойған сауалдары да  осы бір асқарлы шыңдардың деңгейінен туындап жатты.

Өз кезегінде Салтанат Дәулетбекқызы да қысылып-қымтырылмастан халқының өткен-кеткені, бүгінгі айдарлы да абыройлы бет-бейнесіне тән орынды да отты ойларымен бөлісті. Бұдан былайғы шақта мемлекеттік қызметке бірінші кезекте бойын патриоттық сезім кернеген, сүйікті Отанымыздың ертеңіне жан-жүрегімен елеңдейтін шынайы кәсіпқой үміткерлерді алатындығын терең түйсінетінін әрі өзінің бұған барынша дайын екендігін жан-жақтылы аңғартты. Мұндай жалынды жастарға «талабыңа нұр жаусын» дегеннен бөгде не дерсіз?!

Қабылдау үстінде Қызылжар ауылының ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жайын көтерген сол мекеннің тұрғыны Батырхан Қарымсақовтың бойынан да көптің қамын күйттеу, дер мезгілде белсенділік көрсете білу сынды жағымды азаматтық ерекшеліктер бірден аңғарылып тұрды. Қордаланған жайтты алға тартушыға биыл Қызылжар ауылының негізгі Сұлтан көшесінің жөндеу жұмыстарына 20 миллион 331 мың теңге бөлінгендігі, көп кешікпей сауапты шараның қолға алынатындығы хабарланды. Сонымен бірге көшенің орташа жөндеу жұмыстары аяқталғанда оның сапасын тексеруге тұрғындармен бірге жауапкершілікпен атсалысуға ұсыныс білдірілді. Мұны Батырхан Қарымсақов болса қуана құп алды.

Сарыөзек ауылының тұрғыны Күмісхан Сыдыққызы көршілестері атынан осындағы Ғабит Мүсірепов атындағы көшеге ауызсу жүйесі қашан тартылатындығын білмек көрінеді. Жыл аяғына дейін аталмыш мәселенің шешілетіндігі, қаржы бөлініп, байқау өткізу шаруаларының қолға алынғандығы, сәті түссе барлық елді мекендер  бойынша 17.3 шақырым су жүйесінің жүргізілетіндігі түсіндірілді. Күмісхан Сыдыққызы көпбалалы алтын құрсақ аналардың бірі болып шықты. Елбасы тапсырмасына сай ауданда көпбалалы аналарға қаржылай жәрдем көрсету мақсатында жанды шаралар атқарылып жатқандығынан хабардар екендігін сөз арасында айтып, осындай зор қамқорлық үшін жоғары билік басындағыларға аналық ақ алғысын қуана білдірді.

Е.БАЙТАСОВ
Кербұлақ ауданы