КӨПБАЛАЛЫ АНА: "ҮЙІМ БАР ЕКЕНІНЕ СЕНБЕЙ ТҰРМЫН"

Уақыты: 26.04.2019
Оқылды: 1347
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Күреңбелдік жомарт жігіттер көпбалалы, тұрмысы төмен және жалғызбасты аналарға тұрғын үй кілтін табыс етті. Бүгінге дейін өңірде осындай сегіз отбасы үйлі болған. Мұндай игілікті істер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қарағаш ауылының тұрғыны Мейрамкүл Байсейітова баспаналы болу бақытына ие болды. Аталмыш ауылдық округ әкімі Бақытжан Бектеміров алтын құрсақты ананың бұған дейін бала-шағасымен ауылдағы ағайын-туысты паналап, жалдамалы үйде тұрып келгенін айтты. Ал енді ол Еркін Садықбаев, Мәди Бейбітов, Қанат Шелбаев, Мырзахан Бестереков, Қуаныш Шубанов сынды кәсіпкер азаматтардың демеушілігінің арқасында төрт бөлмелі үйдің иесі атанып отыр.

– Қуанышымды сөзбен жеткізе алар емеспін. Өз шаңырағымыздың бар екеніне сенбей тұрмын. Арманымызға жеттік. Бәріне рахмет айтқым келеді. Балаларым да қуанып жатыр, – дейді көпбалалы ана Мейрамкүл Байсейітова.

Елең еткізер игілікті іс Басши ауылында жалғасты. Аталған округте үш елді мекен бар, онда үш жарым мыңнан аса халық тұрады. Қазіргі уақытта тұрмысы төмен жиырма шақты отбасы есепке алынған. Солардың бірі үш бала тәрбиелеп, өсіріп отырған Гүлсанат Сембайдың жағдайына бейжай қарамаған "Алтынемел" ұлттық қорығының басшысы Халық Баяділов тұрмысы төмен бұл отбасына үш бөлмелі үйді сыйға тартты.

Шарапатты шарада аудандық ақсақалдар мен қоғамдық кеңестің төрағасы Төленді Сарыбаев бастаған ақсақалдар сөз сөйлеп, жүрекжарды ізгі тілектерін жеткізді. Олар мейірім, ізгілік, адамгершілік, қамқорлық тәрізді асыл қасиеттерді осындай жақсылықтар жасау арқылы жас ұрпақтың бойына сіңіріп, үлгі көрсете білу керек екенін, сондай-ақ, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ұлы ел екенімізді және балалы үйге бақыт қонатынын айтып, баспаналы болған отбасыларды көпшілік атынан құттықтады.

Ақжаулықты әжелер де үй иелерінің қуаныштарымен бөлісіп, шашу шашты. Қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсеткен азаматтар да өздерінің ақ ниеттерін білдірді. Сондай-ақ, олар мұнымен тоқтап қалмай көмекті қажет ететін отбасыларға болашақта да мейлінше қамқорлық көрсетіп, тұрмыстарын түзетуге қол ұшын созатындықтарын жеткізді.

Баспаналы болған аналар да толқып, қиын сәтте демеу болған жылы жүректі жандарға өз алғыстарын жаудырды. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Кербұлақ ауданы

Суретті түсірген - Аслан ҚАЖЕКЕ