ЖЕТІ БАЛАНЫҢ АНАСЫНА ЖЕР ҮЙ СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 02.05.2019
Оқылды: 1513
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ақсулық көпбалалы ана Самал Қожахметова баспаналы болды. Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов үйдің кілтін салтанатты түрде табыс етті.  

Жансүгіров ауылының оңтүстік-шығысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 20 тұрғын үй бой көтерген. Жалпы аумағы 68,43 шаршы метрді құрайтын, үш бөлмелі жаңа жер үйде «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана Мадияр, Данияр, Диана, Бейбіт және Алия, Ақбота, Жанарыс атты ұл-қыздарымен бірге тұратын болды.

– Бүгінге дейін баспана қиыншылығын көп көрдік. Пәтер жалдап күн кештік. Біз, тіпті, өз үйіміз туралы ешқашан армандаған жоқпыз. Баспана болмағандықтан балаларымды интернатқа оқуға жібердім. Енді өзіміздің жеке үйіміз бар. Әлі де сене алар емеспін. Өте қуаныштымын. Осындай бақыт сыйлаған мемлекетіме, аудан әкіміне, жалпы жұртшылыққа аналық жүрегіммен алғыс айтамын, – дейді Самал Қожахметова.

Аудан басшысы Есім Сейілханұлы бүгінгі таңда көпбалалы отбасыларға мемлекет және жеке кәсіпкерлер тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. Мұндай игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын табатындығын жеткізіп, қазақтың батыр аналары мен ұрпақтарының көңілі тоқ болсын деген тілегін арнады.

Жалпы ауданда 58 көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы үй кезегіне тіркелген. Оның ішінде үшеуі «Алтын алқа», он екісі «Күміс алқа» иегерлері.

Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Ақсу ауданы