АЛАКӨЛ АУДАНЫ: ОН ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Уақыты: 03.05.2019
Оқылды: 2209
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алакөл ауданында айтулы жаңалық орын алды. Жақсылыққа жаны құмар кәсіпкерлердің арқасында бес отбасы баспаналы болып, ошақ оттары маздай түсті. Айта кетсек, Екпінді ауылдық округінде орналасқан «Майқынов Е» шаруа қожалығының басшысы Ермек Майқынов «Күміс алқа» иегері, көпбалалы ана Қарақат Сартбаеваға 7 бөлмелі үйді сыйға тартты. Бұған дейін жеті қарыс та жері болмаған ана тосынсыйдан көзіне жас алып, алғысын жаудырды.

Дәл осындай қуанышқа Ақжар ауылдық округі, Қоңыр ауылының тұрғыны, аз қамтылған отбасы Старченколар да кенелді. Бұл қуаныштың дәнекері болып отырған азамат - облыстық мәслихат депутаты, «Қабанбай жолаушы» ЖШС басшысы Қанат Қожабеков. Сонымен бірге, «Достық тазарту» ЖШС директоры Ш.Жақсыбаев Қызылащы ауылының тұрғындары, ІІ және ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар Ерлан Есімбеков пен Самал Оразбековаға төрт бөлмелі баспана алып берді. Бұдан бөлек, тағы да екі отбасы жеке үйлерінің кілтін қолына алып, атымтай азаматтардың ықпалымен армандарына қанат бітірді.

Аудандық мешіт жамағаттары «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық шарасы аясында Қабанбай ауылындағы жалғызбасты ана Светлана Мұхаметқызына үш бөлмелі баспананың кілтін табыстады. Аудандық мешіттің бас имамы Әнет Омарханұлының ұйытқы болуымен қаржы жиналған еді. Алты баласын бауырына басқан ана осы уақытқа дейін жалдамалы үйде тұрып келген. Енді қабанбайлық алты бала өз үйлерінде асыр салып ойнайтын болды. Қайырымды жандар балғындарға велосипед, киім-кешек, азық-түлік және тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттарды алып берді.

– Дәл қазіргі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кеше ғана үй тұрмақ, жеке қора да болмаған еді, енді бүгін үш бөлмелі хан сарайындай баспанаға ие болдым. Көмек қолын созып, демеушілік еткен барша жұртшылыққа алғысымды білдіремін. Алты баланың бақытына себепкер болған сіздерге Алланың шапағаты жауа түссін. Аман болыңыздар, – деп көпбалалы ана ақжарма тілегін ақтарды.

Қабанбай ауылдық округінің әкімі Қайрат Қабдолдаев үйдің құжаттарын реттеуді өз жауапкершілігіне алып, алдағы уақытта бұл отбасына барынша көмек қолын созатындықтарын айтты. Сонымен қатар, Үшарал қаласының шығыс беткейінде бой көтерген көпқабатты тұрғын үйден тағы да төрт отбасы баспаналы болды. Бұл бақытқа көпбалалы, ерекше күтімді қажет ететін азаматтар, жетім балалар мен толық емес отбасылар кенелді. Жылы да, жайлы үйге қоныстанған олар баспана алуға ұйытқы болған аудан әкімі Әлібек Жақанбаевқа шексіз ризашылықтарын жеткізді.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы