ЖЕҢІС ТУРАЛЫ ҚОЙЫЛЫМ ЖИНАЛҒАНДАРДЫ ЖЫЛАТТЫ

Уақыты: 06.05.2019
Оқылды: 1133
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жеңіс және Отан қорғаушылар күніне орай «Бәйтерек» күндіз болу орталығында «Ер есімі – ел есінде» тақырыбымен мерекелік шара өтті.

Шараға облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт, Кербұлақ ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленді Сарыбаев, «Қызыл жұлдыз», «Айбын» ордендерінің иегері Асхат Қасенов, Ауған соғысының ардагері Халық Байболатов қатысты.

Орталық директоры Айгүл Диханбаева жиылған қауымды мерекемен құттықтап, ардагерлерге Алғыс хат табыстады. Ол өз сөзінде орталықта 107 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленетіндігін жеткізді.

Сөз кезегін алған Т.Оспанбайұлы соғыс басталғанда бала болғандығын айтып: «Қан майданда еліміз үшін қыршын өмірлерін қиып, елге оралмаған боздақтарды еске алып, олардың өшпес рухтарына бас иіп, бүгінгі ұрпаққа үлгі етуіміз керек», – деп бейбітшіліктің Көк туы мәңгі желбіресін деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ, Е.Әбілмәжінұлы: «Бүгінгі бейбіт күн оңайшылықпен келмеді. Тәуелсіз ел болу жолында көптеген қиындықтар орын алды. Қиын-қыстау кезеңдерді басымыздан өткіздік. Соғысқа кеткен ағаларым аман-есен оралғанда балалардың, үлкен кісілердің жылағанын көргенмін. Өйткені, ол барлығының жүрегіне өшпес із қалдырған оқиға. Алматы облысында қазіргі таңда 93 Ұлы Отан соғысының ардагері бар», – деп мерекемен жиылған көпшілікті құттықтағаннан кейін Ауған соғысының қаһармандары А.Ауғанұлы мен Х.Әлімақынұлы майдандағы естеліктерімен бөлісті.

Ресми шарадан соң көпшілік назарына орталық қызметкерлері мен бүлдіршіндері дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Шымылдық Жеңіске арналған шағын көрініспен ашылды. Қойылымда тәрбиеленушілердің рөлге берілгендігі сонша, жиылған қауым көзіне жас алды.

Жүздерінен өмірге деген құштарлық байқалған балалар да өз өнерлерін көрсетті. Нақтыласақ, Аслан Оралхан «Бери Шинель, пошли домой», Дильфируза Омарбаева «Катюша», Әлішер Батыраш «Ел қорғауға әзірміз», Айдана Молдахметова «Сарбаздар» әнін орындаса, «Болашақ» би тобы мың бұрала «Десанттар» биін паш етті.

Бірнеше сағатқа созылған шараны тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың. Бір байқағанымыз, шараға қатысқан әрбір өнерпаз жұртшылықтың ыстық ықыласына, зор қошеметіне бөленді. Осылайша, ертеңгілікте тебіреніп, көзге жас алған көрермен де, біз де жүрек жылуын сезініп қайттық.

Еңлік ҚАБДЕШ