ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАН КӨРМЕ ӨТКІЗДІ

Уақыты: 15.05.2019
Оқылды: 1421
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қиялындағы сан мың кескінді суреттеп, көркемдеп, қарапайым затқа жан бітіретін дарындылар арамызда көп. Бұған дәлел – Шонжы ауылының тұрғыны Александр Щербаков туындыларының аудандық кітапханада өткен көрмесі.

Көрменің ашылуы ең алдымен Александр Щербаковтың өмірбаяны жайында дайындалған шағын бейнеүзіндіден басталды. Содан кейін ағасы Дмитрий Щербаков барша көрерменге алғысын айтып, інісінің мүмкіндігі шектеулі болса да, талай жетістіктерге жетіп, шыңдарды бағындырып жүргендігін, онымен мақтанатындығын жеткізді.

Көрмедегі әрбір қойылған бұйымның, суреттердің өзіндік ерекшелігі бар. Майлы бояумен салынған суреттерге құдды жан бітіп, өз тарихын баяндап тұрғандай. Ермексаздан жасалған динозавр мүсіндері де біздің заманымыздан мыңдаған жыл бұрынғы тіршіліктен хабар беріп, заман мен қоғамның өзгерісін көз алдымызға келтіргендей әсер береді. Тұрмыстық қалдықтардан құрастырылған туындылар да өзіндік ерекшелікке ие. Бұлардың тарихымен таныстырып, жасалу барысын баяндаған Александр мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жобалары жайында айтты.

Солардың ішінде Алматы қаласындағы көпқабатты үйлердің бірқатарына орнатылған жиналмалы пандусты айта аламыз. Ал Шонжы ауылын суретке түсіріп, одан шағын бейнеүзік құрастырып шыққан көрме иесінің талантына көпшілік үлкен қошеметін көрсетті. Кеңес кезіндегі шағын ауылдың тұрмыс-тіршілігін баяндайтын көрініс жиналғандардың есіне өткен өмірді бір сәтке оралтып, көздеріне жас та алғызды. Таңғажайып дүниелерден ләззат алып, қызығушылықтарын танытқандар Александрға өнерінің өрге жүзуін тіледі.

Өз кезегінде көрме кейіпкері кітапхана ұжымына майлы бояумен салған суретін табыс етіп, қолдау білдіргендерге алғысын айтты. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Карим Жалилов шебер, талантты азаматтың жеткен жетістіктерін тізбектеп, ізгі тілегін білдірді.

Думан САРТБАЕВ

Ұйғыр ауданы