КӨКСУДА КӨППӘТЕРЛІ ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 19.05.2019
Оқылды: 988
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Балпық би ауылында "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Көксу ауданының әкімі Алмас Әділдің айтуынша, құрылыс жұмыстарын жарты жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

"Бүгінгі таңда көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. 50 пәтерлі үй салуға және инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысының объектілеріне жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Олардың барлығы сараптамадан өтті. Бұдан басқа, 20 пәтерглі тағы бір тұрғын үйдің жобасы әзірленді", - деді Алмас Әділ.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айында "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырған еді. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінеді. Тағы 50 миллиард теңге жеңілдікті ипотеканы субсидиялау үшін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" бөлінбек. Нұрсұлтан Әбішұлы, сондай-ақ, жылдық 2 пайызбен ипотекалық кредит беру бағдарламасын әзірлеп, табысы аз адамдар үшін тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында республикалық бюджеттен резерв табуға нұсқау берген болатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"