ҚАРАСАЙ АУДАНЫ: ЖАЛАҚЫМЫЗДЫҢ ЖАРТЫСЫ ЖОЛҒА КЕТЕДІ

Уақыты: 20.05.2019
Оқылды: 1163
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қарасай ауданы, Райымбек ауылына қарасты «Полет» саяжайы Алматы қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан. Бірақ бұл жерден қалаға қатынау тұрғындар үшін үлкен мәселеге айналып отыр.

Райымбек ауылынан кейінгі «Здоровье 5 шақырым» деген бұрылыстан төмен қарай ешқандай автобус жүрмейді. Халық 1-2 шақырым жерді жаяу жүруге мәжбүр. Үйден жоғарғы трассаға жету де бір мұң. Бұл жерде көпбалалы отбасылар, үлкен кісілер көп тұрады. Кішкентай балаларымен, дорба-дорба азық-түлікпен жаяу жүру оңай емес. Үйге келген қонақтардың қайта алмай біраз әбігерге түсетіні тағы бар. Шалғай ауыл болса бірсәрі, қазіргі ғылым мен техниканың  шарықтап дамыған заманында Алматының түбінде осындай ауылдар бар дегенге сенгің де келмейді екен.

№52 автобустың соңғы аялдамасы – Райымбек ауылы. Ең болмаса, осы автобустың бағытын ары қарай Шаумян, Здоровье аялдамасына дейін созса, талай елдің ризашылығын алар еді. Қаскелең қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарайтын №428, 429 автобустарды салыстырып қарасақ, 429-ға халық дән риза, уақытымен қатынайды. Ал Жандосов ауылына қатынайтын №428 автобусы ешқандай заңға бағынбайды. Жүргісі келсе жүреді. Қаламаса ол да жоқ. Неге бір мекемеге қарайтын екі автобустың жүрісі екі түрлі, осыны бақылайтын жауапты мамандар бар ма? Соның салдарынан халық тек таксидің өзіне ғана қалаға барып келу үшін күніне 500-1000 теңге шығаруға мәжбүр. Сөйтіп, осы ауылдарда тұратын халықтың тапқан табысының, жалақысының жартысы жолға кетуде.

Тағы бір айта кететін жайт, «Полет» саяжайына баратын жолдың өте нашарлығы. Ойдым-ойдым жолдан машина тез істен шығуда. Сол жолды тегістеп, асфальт төсеп берсе деген халықтың тілегі бар.

Ел ағалары, аудандық  автотранспорт мекемесінің басшысы мен қызметкерлері халықтың осы мұң-мұқтажын ескеріп, аталған мәселенің шешімі тез арада табылса екен дейміз. Саяжай деп істі жылы жауып қоюдың қажеті жоқ. Мұнда күнелтіп жатқан тұрғындардың жанайқайына құлақ түрсеңіздер екен. Ел ағаларына сенім артқан халық үміт жібін үзбейді.

Марита ЖАНСЕРІКОВА

Райымбек ауылы,

Қарасай ауданы

Алматы облысы