БЕС БАЛАНЫҢ АНАСЫНА БАСПАНА БЕРІЛДІ

Уақыты: 21.05.2019
Оқылды: 993
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Шұбар ауылдық округінде тағы бір көпбалалы отбасы баспаналы болды. «Архар» шаруа қожалығының басшысы Талғат Жетенов бес баланың анасы Раиса Бейсенбаеваға төрт бөлмелі үйдің кілтін тапсырды.

Қуанышы қойнына сыймаған Раиса Өмірбекқызы «Архар» шаруа қожалығының басшысы Талғат Жетеновқа шексіз алғысын айтты. «Бүгінге дейін баспана қиындығын көп көрдік. Жолдасыммен, бес баламмен пәтер жалдап, күн кештік. Бір балам студент, үшеуі оқушы, ал кішісі алты жаста. Енді өзіміздің жеке үйіміз бар. Көпбалалы ана екенімді ескеріп, осындай үйдің кілтін табыс еткен Талғат Нұрлыжанұлына көп рахмет», – деді ана.

Ауыл ақсақалдары да өздерінің ақ ниеттерімен бөлісіп, осындай жаны жомарт азаматтар елде көп болса екен деген ізгі тілектерін жеткізді. Сонымен бірге, бұл отбасыға ауданның «Зекет» қоры атынан ақшалай көмек көрсетілді. Айта кетейік, өңірде наурыз айынан бастау алған қайырымдылық іс-шарасы әлі де жалғасуда.

Лаура ТІЛЕБАЛДИНА,

Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы