БӘРЕКЕЛДІ: СПОРТТЫҚ АРБА СЫЙҒА ТАРТТЫ

Уақыты: 21.05.2019
Оқылды: 1141
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қанат Нұғыманов осыдан он жыл бұрын көлік апатына ұшыраған еді. Тағдырдың жазуы шығар, апаттан тірек-қимыл қозғалысы зақымданып, бірінші топ мүгедектігін алған. Кейіпкеріміз қиындыққа қарамастан төрт жылға жуық арбамен спорттық би билеуден республикалық жарыстарға қатысып, Ескелді ауданының ғана емес, Алматы облысының да намысын жоғары деңгейде қорғап жүр.

Оның қоржынында республикалық чемпионаттың бірнеше жүлдесі бар. Атап айтқанда, 2016 жылы Астанада өткен «Astana dance fest» чемпионатында, Ақтау қаласында өткен «Aktau open» республикалық чемпионаттарында «Single man class I» санаты бойынша топ жарып, жүлделі І орынды иеленген болатын.

Өкінішке қарай, екі ай бұрын Қанаттың белсенді арбасы бұзылып, іске жарамай қалды. Спортшы алдымен әлеуметтік желілерге жанайқайын жариялап, халықтан көмек сұрады.

Көпшілік бар жерде артық сөз де жүреді емес пе?! Оның әрекетін түсінбеген біраз адам сын да айтты. Себебі, Қанатқа мүгедектерге арналған емес, техникалық мүмкіншілігі әлдеқайда жоғары арнайы арба қажеттігін көбісі білмеген сыңайлы. Оған қоса, спортшы республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысу үшін қалтасынан өз қаражатын жұмсайды, ал мүгедектігі үшін алатын зейнетақысы тек күнкөрісіне ғана кетеді.

Сегіз қырлы бір сырлы Қанатқа демеу білдіріп, оған мұрындық болу мақсатында Ескелді аудандық жастар ресурстық орталығының белсенді жастары ел ағаларына xат жолдап, құны қымбат арбаны алып беруін өтінді. Солардың ішінде «Хильниченко» шаруа қожалығының төрағасы Виктор Хильниченко талантты спортшыға демеу болатынын айтып, оған құны 500 мың теңге тұратын белсенді спорттық арбаны сыйға тартты.

Көктен тілегені жерден табылғанына қуанған Қанат ел ағасына деген ризашылығына қатты толқыды. Өз сөзінде:

- Бұл күнді мен ұзақ күттім. Виктор Петрович алып береді дегенді естіп, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Серік Жолдыбаевқа күн-түн демей хабарласа бердім. Қуанышымда шек жоқ. Алдағы уақытта сенімдеріңізді ақтап, биік белестерден көрінуге бар күш-жігерімді саламын, - деді.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демекші, Виктор Хильниченкоға осы игі ісінің еселеп қайтуын тілейміз. Сөнген үмітті жаққан жақсылығының ізі кетпей, өзгелерге үлгі болсын.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА

Ескелді ауданы