ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ: "НҰР-АЙҒА" НҰР ЖАУСЫН!

Уақыты: 04.06.2019
Оқылды: 6543
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жасаған жақсылығының өтеуін күтпейтін, ел қатарлы ай сайын жалақы алып отырмаса да адамдарды қуантуды азаматтық парызы санайтын жандар қатарымызда баршылық. Соның бірі – Құрмаш Әубәкірова.

Көктал ауылындағы «Нұр-Ай» мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырушысы Құрмаш Әубәкірқызы демеушілердің көмегімен ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларды жеті жылдан бері үздіксіз киім-кешек, азық-түлікпен тегін қамтамасыз етіп келеді. Әлеуметтік дүкеннің негізін салған нәзік жанның мұндай еңбегіне барша көкталдықтар риза.

Осыдан жиырма жеті жыл бұрын жол апатына ұшыраған Құрмаш апай көліктегі адамдардың арасынан жалғыз өзі аман қалған. Жаратқанның берген сыйына шүкір айтудан жалықпайтын ол мүгедектер қатарына қосылғалы бері жалғыз ұлына шапағаты тисін деген ниетпен айналасындағы жандарға аз да болса қол ұшын созуды өзінің міндеті санайды.

Бастапқыда игі істі иесін іздеп жүріп жасаса, бүгінде мұқтаж адамдар өздері хабарласып, керек-жарағын алып кетеді. Бұл істе, әрине, Құрмаш Әубәкірқызы жалғыз емес, тұрақты демеушілері де бар. Олардан түскен тауарды есептеп, кіріс-шығыс қағаздарын түгендеп отыратын тұрақты комиссия мүшелері де өз істерін асқан жауапкершілікпен орындайды.

«Нұр-Ай» әлеуметтік дүкені Көктал ауылында орналасса да, көмек барша Панфилов ауданының тұрғындарына беріледі.  Хатымның соңында қайырымдылықпен айналысу мақсатында жалға алып отырған мекемелерінің төлемақысына мемлекет тарапынан көмек немесе бір бөлме болса да тегін берілсе деген тілегім бар.

Тоғжан НҰРҒАЛИҚЫЗЫ

Панфилов ауданы

Сурет ғаламтордан алынды