ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕДІ? - Амандық БАТАЛОВ ТАЛҒАР АУДАНЫНА БАРДЫ

Уақыты: 05.06.2019
Оқылды: 1068
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қасиетті Ораза айт мерекесін бесағаштық тұрғындар зор қуанышпен қарсы алды. Оған ауыл көшелерінің, соның ішінде, жалпы ұзындығы 1,6 шақырымды құрайтын Қазақстан, Бейбітшілік және Желтоқсан көшелерінің айнадай жарқырап, асфальтталуы себеп. Аталған ауылда 57 көше бар. Талғар ауданы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1315,5 шақырымды құрайды. Биылғы жылы 31 шақырымдық көше жолдары жөндеу көрмек. Сәрсенбінің сәтінде Талғар ауданына сапармен келген облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ алдымен Алматымен іргелес жатқан Бесағаш ауылына тоқтады. Қазақстан көшесінің ағымдағы жөндеу жұмысын бақылауға ат басын бұрған облыс басшысын көше тұрғындары жылы шыраймен қарсы алып, тұрмыстарын тілге тиек етті.

- Бірнеше жылдан бері ауыл көшелерінің жөндеу көрмей жататыны жанымызға бататын еді. Күз бен көктемгі жауын-шашында лайланған судан аяқ алып жүре алмай қалатынбыз. Әсіресе, балаларға оңай соқпайтын. Бұл жөнінде жиындарда жиі мәселе көтерілетін. Аудан әкіміне де шағымхат жолдадық. Нәтижесінде биыл 3 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылымыздың ажары кіріп қалды, - деген ауыл ақсақалы Мақсат Қилыбаев газдың келуі, ауызсу, жарық мәселелерінің толыққанды шешім табуы тұрғындардың тұрмысын жақсартып, қалалықтардан кем қалмайтындықтарын қуана жеткізді. Осындай күнге Елбасы саясаты мен облыс басшылығының ерен еңбегінің нәтижесінде жетіп отырғандықтарын ерекше атаған ауыл қариясы Жанашев Бекен ата алақан жайып, ақ батасын берді.

Бұрын көше нашар болғандықтан машиналардың жүрісі де баяулайтындығын, енді асфальтпен арлы-берлі зулайтындықтан  жылдамдықты шектеу белгісі мен жарық шамдары қойылса, оған қоса тоған пен тротуар салынса деген игі тілектерін Қазақстан көшесінің тұрғыны Рая Қадырова ортаға салды.

- Ағымдағы жұмыста ой-шұңқыры ғана жамалады. Ал мына көшелерді тегіс асфальттаған екен. Бұл орайда жол жөндеген мердігер компания жетекшілеріне алғысымды білдіремін. Облыста 742 елді мекен бар. Сондықтан осындай тозған көшелерді біртіндеп жөндеуіміз қажет. Облыс бойынша жол жөндеуге 16-20 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Жалпы облыс бойынша 10 мың шақырым жол бар. Оның ішінде 7 мыңнан астамы жергілікті жерлерге қараса, 2,5 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдарға жатады, - деген облыс әкімі жол жөндеу жұмыстарының кідіріссіз жүргізіліп жатқандығын түсіндірді.

Бесағаш ауылы бойынша жуық арада тағы да төрт көшенің жолы жасалатындығын аудан әкімі Р.Ахметқалиұлы айтып өтті. Амандық Ғаббасұлы облыста су құбырын тарту мен жол жөндеу, мектеп салу сынды маңызды жұмыстарды атқарудың мүмкіндігі мол екендігін ерекше атады. Бұдан кейін Талғар қаласына табан тіреген аймақ басшысы мемлекеттік «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «70-20-25» бағдарламалары бойынша салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Осы күні аудан бойынша 3 мыңнан артық адам үй алу кезегінде тұр. Ірі мегаполиске жақын ауданда тұрғын үй салу жұмыстары да қарқын алған. Атап айтсақ, ең ірі көпқабатты «Алма Тау», «Достар», «Нурия», «Аспан Сити» тұрғын үй кешендері көз тартарлық.

- Жаңа тұрғын үй кешендерінің жобалары көңілден шығады. Уақыт талабына лайық бой көтеруде. Дей тұрғанмен де ескеретін басты мәселе – үй салушы компанияның мақсаты аз жерге көп үй салып, мол табыс табу болса, тұрғындар үшін жайлылық пен қолайлылықтың алдыңғы кезекте болатындығын естен шығаруға болмайды, - деді Амандық Ғаббасұлы.

Сол себепті, тұрғын үйлердің төменгі қабаттарынан амбулатория, тірек пункті, шаштараз, дүкен, балалар орталықтарын ашу және бейнебақылау орнату, автокөлік тұрағын салу сынды тұрғындардың тұрмыстық қажеттіліктерін өтейтін орындар ойластыруды жоспарға енгізу қажеттігінен құлағдар етті.

- Елбасы мен ел Президентінің алға қойған міндеті – халық бізді іздемей, біз керісінше халықпен кездесуіміз керек. Солардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, шешілмеген проблемаларына назар аудару - міндетіміз, - деген Амандық Ғаббасұлы Алматы облысында 145 мыңнан астам адамның үй алу кезегінде тұрғандығын айтып өтті. Елбасының «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен қатар көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар үшін әлеуметтік тұрғын үйлер салу мәселелері жолға қойылған. Осы мақсатта жергілікті билік бизнес өкілдерімен бірлесіп, заманауи үлгідегі сапалы да сәнді үйлерді тұрғызуға кірісіп кеткен.

- Қаладағы үйлерден еш кем соқпайды. Осы ауданның өзінде 850 мың шаршы метрлік тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның барлығы бір жылда тапсырылмайды. Биыл 60 пәтерлік екі үй берілсе, келер жылы да осы деңгейден көрінуге күш салу қажет. Әр жыл сайын осыншама үй тұрғызылып, пайдалануға берілсе баспаналы болудың жүгі жеңілдейді, - деген Амандық Ғаббасұлы мердігер компания басшылары мен нысанға жауапты азаматтар мен бөлім жетекшілерінің жұмыстарын ширатып, сергектік танытуларын талап етті.

Облыс әкімінің ресми іссапары барысында ауданның ауызсу мәселесі де назардан шет қалмады. Жалпы, аудан бойынша елді мекендердің 95 пайызы таза ауызсумен қамтылса, қалған 4-5 ауылдың түйткілді түйінін тарқатудың да ауылы алыс еместігі айтылды. Олар да бірер жылдың ішінде шешімін таппақ. Ал облыс бойынша 100 пайызға жету жоспар бойынша 2023 жылға белгіленген. Облыста осы күні 58 елді мекен сумен қамтылмаған. Дей тұрғанмен, бүгінгі іс-қимыл қарқыны бұл мәселенің уақытынан бұрын шешімін табатындығын аңғартпай қоймайды. Сөйтіп, таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі алдағы 3-4 жылда толық шешілмек.

Маңызды нысандарды аралап, көзбен көру нәтижесінде бірқатар олқылықтардың барын байқаған аймақ басшысы кемшіліктерге жол бермей, тұрғын үйлердің халыққа ыңғайлы, қолайлы және жоғары сапада болуын баса тапсырды.

Талғар қаласындағы «Мелиоратор», «Бозторғай» ықшамаудандарын абаттандыру жұмыстарының да кенжелеп жатқандығын сынға алған облыс басшысы сылбырлыққа жол берген мамандарға кешірім болмайтындығын ескертті.

Аудандық құрылыс бөлімінің жетекшісі Темірхан Қуандық биыл ауданда 60 пәтерлік несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, аз уақыт аралығында тапсыру жоспарланса, бұдан бөлек 60 пәтерлік жалгерлік тұрғын үйдің де құрылысы қарқын алғандығын айтады. Келер жылы да 60 пәтерлік жалгерлік және 50 пәтерлік несиелік бес қабатты тұрғын үй тұрғызу көзделген. Бұл пәтерлердің барлығы да кезекте тұрған тұрғындарға тиесілі болмақ. Сондай-ақ, «Жаңа Талғар» деп аталатын тұрғын үй кешенінің де құрылысы басталар болса, тұрғындардың баспана тапшылығын тартпайтын сыңайы бар.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Талғар ауданы