ЖОМАРТ КӘСІПКЕР ЖҮЗДЕН АСА ҮЙ СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 08.06.2019
Оқылды: 1869
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ақтерек ауылында өткен айда ғана бес үй қолданысқа берілсе, осы жолы тағы бес баспананың кілті еңбеккерлер мен көпбалалы аналарға тапсырылды.

Үш жарым мыңдай тұрғыны бар ауылда биылдың өзінде он жаңа үй қолданысқа берілді. «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіповтің демеушілігімен жыл сайын бірнеше үй бой көтеріп, ауылдастарға беріледі. Шаруа қожалығы құрылғаннан бергі уақытта өз еңбеккерлері мен әлеуметтік әлжуаз топтарға арнап салған үйдің саны осылайша жүзден асты.

– Ауыл тұрғындарының тірлігін түзеп, ынтымағын жарастырып, бірлігін бекемдеп отырған Темірлан Шайнүсіповтің еңбегімен мақтанамыз. Баспанаға мұқтаж жандар мен дала төсінде еңбек етіп жүргендерге жүзден аса үй салып, халықтың алғысына ие болудан артық не бар?! Лайым, осындай жақсылық көп болсын, – деді  салтанатты жиында Ақтерек ауылдық округінің әкімі Ғани Шортанбаев.

Ардагер ұстаз Күлән Ибрагимова ауылдың меценат азаматына жүрекжарды аналық алғысын білдіріп, ауыл ақсақалы Нәшірбек Әбдіғазиев көпшілікке ақ батасын берді.

Ауыл әкімі Ғани Мұқанұлы, Темірлан Шайнүсіпов және Бекен Қожабергенов ақсақал жаңа үйдің лентасын қиды. Ақжаулықты әжелер шашу шашып, аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің әншілері шараны әнмен әрледі. Осылайша «Ақтерек» шаруа қожалығының механизаторы, төрт баланың әкесі Айдос Сайлыбаев, шаруашылық агрономы әрі Ауған соғысының ардагері Ауғанбай Әбдіхалықов, қарапайым жұмысшы Қайсар Бекетаев, механизатор Ілияс Шәмшиев және тағы бір механизатор әрі көп баланың әкесі Ришат Байсейітов жаңа баспанаға ие болды.

Айдос Сайлыбаевтың шаңырағына көпшілікпен бірге бас сұғып, бес бөлмелі үйдің сапалы салынғанына көз жеткіздік. Осында Айдостың әкесі Бақтыбаймен тілдесіп, оның осы шаруашылықта механизатор болып еңбек етіп келе жатқанына 45 жыл болғанын, өзі де осыдан бес жыл бұрын дәл осындай жаңа үйге кіргенін білдік. Әке жолын қуған тәжірибелі механизатор Айдос пен келіншегі Несіпкүлдің қуанышында шек жоқ.

Ауылды өркендетуге еселі еңбегімен үлкен үлес қосып, мұқтаж жандардың алғысына бөленген азаматқа ақтеректіктердің бәрі де дән риза.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы