"ЗЕКЕТ" ҚОРЫ 77 БАСПАНА СЫЙҒА ТАРТТЫ

Уақыты: 10.06.2019
Оқылды: 1386
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биылғы жұмысын "Ел үлесі - пәтерге" деп бастаған "Зекет" қайырымдылық қоры 77-ші баспананың кілтін салтанатты түрде Ақсу ауданының тұрғынына табыс етті.

Қызыл ту елді мекенінің тұрғыны жағдайы төмен отбасы ретінде бес бөлмелі үйдің кілтіне ие болды. Қуанышпен бөлісуге Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Ақышұлы, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амантай Айтбайұлы және ауыл тұрғындары, мешіт имамдары арнайы келді. Ботагөз Молықбаева бүгінде 3 баланың анасы, жолдасы екеуі жақын арада төртінші сәбилерін асыға күтіп жүр.

- Алты жыл бойы пәтер паналап, жалдамалы үйде тұрып келдік. Өзіміздің баспанамыз жоқ еді. Жолдасым да жұмыссыз, қатты қиналдық. Осының барлығына қарамастан бүгін өте қуаныштымын. Үйлі болып отырмыз. "Зекет" қорына, аудан халқына, басшыларға, барша қауымға мың алғыс! Бізді ескеріп, бес бөлмелі үйді сыйға тарту етті. Отбасымызда осындай қуаныш орын алады деп ойламаған едік, - деді 34 жастағы Ботагөз Молықбаева.

Айта кетейік, облыстық "Зекет" қоры бұған дейін аудандағы сегіз отбасыға баспана кілтін табыс еткен. Ақсу ауданында 42 мыңнан аса тұрғын бар. Соның 4 мыңға жуығы тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылар қатарына жатады. Болашақта барлығы да осылайша баспаналы болғай.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"