ҰЛАҒАТТЫЛЫҚ ҰСТАЗДАН БАСТАЛАДЫ

Уақыты: 15.06.2019
Оқылды: 1383
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Ескіден қол үзбей, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады», – деп Қытайдың дана ойшылы Конфуций айтқандай, өткеннің тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, кәсіби шеберлігі жоғары, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, оқытудың озық үлгілерін меңгерген, ізденімпаз, еңбекқор, шәкіртін жанындай жақсы көретін адам ғана ұлағатты ұстаз бола алады. Міне, осы талап үдесінен шыға білген Қарасай ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айман Букумбаева қырық жылдан астам педагогикалық салада еңбек етіп келеді.

Адам өмірі халқына сіңірген еңбегі, ұлағатты жолы, ұрпақ тәрбиесіне қосқан өнегелі істерімен өлшенбек. Саналы ғұмырын білім саласына арнап келе жатқан Айман Шаяхметқызының бұл орайда атап өтер жетістігі баршылық. Соның бірін ғана мысалға келтірсек, биыл Қазақстан педагогтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Ұстаз – ұлы есім» атты республикалық байқауда топ жарған Айман Шаяхметқызы «Қазақстанның үздік ұстазы» орденімен марапатталды. Мұның өзі ұстаздың педагогика саласындағы өзіндік орны мен мәртебесін айқындайтыны анық. 
Ұстаздықты өмірлік ұстанымы етіп алған ол бала кезден мұғалім болуды армандаған. Анасы Ғазиза Абдыханова география пәнінің мұғалімі,  Ақсу ауданы, Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебінде директор болып қызмет атқарған жан. Анасы үйге оқушылардың дәптерлерін алып келгенде соны тексеруге ынтызары ауып тұратын қыз бірден-ақ мұғалімдік жолды таңдады. Өзі туып-өскен Ескелді ауданының Алдабергенов ауылындағы орта мектепті бітірген соң, 1978 жылы Талдықорған педагогикалық институтына орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсті. Үйде сіңлілеріне ұстаз болып сабақ беріп ойнап, қашан мектепте балаларды оқытар екенмін деп армандап өскен қызға ұстаз болу еш қиындық келтірмеді. Бірден-ақ өз ортасын тапқандай «судағы балықша» білім айдынында еркін жүзді. Еңбек жолын Ақсу ауданында бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. 1982 жылдан Қарасай ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепке жұмысқа қабылданды. Содан бері аталмыш мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қалтқысыз еңбек етіп, өзі сабақ беретін білім ошағында жігерлі, шығармашыл ұстаздардың қатарын толықтырды. 
Әкесі Шаяхмет Сембаев бала кезден жетім өскен, ашаршылықты бастан өткерген, еңбекқор, төзімді жан еді. Әке өнегесін де бойына сіңіріп өскен Айман Шаяхметқызы өмірде қиындықтарды жеңе білуге, мойымауға үйренді. Әрдайым әкесі сынды батыл болуды, көздеген мақсатқа жете білуді мақсат тұтты. 
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. Мұғалімнің берген бар тәлім-тәрбиесі, асыл қасиеті шәкірттерінің бойынан көрінеді. Міне, сондай тәртіпті де үлгілі шәкірттерді тәрбиелеп жүрген Айман Шаяхметқызы өз ортасына сыйлы, ауыл жұртына қадірлі жан. 
Ұстаздың алдына қойған мақсаты – оқушылардың бойына білім негізін қалап, сауатты жазып, сөйлеуге, ойын ашық айта білуге, шығармашылыққа баулу, адамгершілікке тәрбиелеу, жақсылық жасауға үйрету. Осыған орай ол балалардың оқуға деген құлшынысын арттыруға айрықша мән беріп, сабақты түрлендіріп өткізеді. Қажет жерде ойын да ойнатып, балалардың көңілін көтеріп, сабаққа деген ынтасын арттырып алуды ұмыт қалдырмайды. Сол үшін де шәкірттері сабаққа асығады, ұстаздарын ерекше құрмет тұтады. «Өз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған» жанға кім де болса бас иері анық. Осы орайда ұстаз білім берген шәкірттердің де, олардың ата-аналарының да Айман Шаяхметқызына айтар алғысы мол.
Әрбір мұғалім шәкіртінің игі жетістігіне қуанады. Айман ұстаз да өз оқушыларын мақтан тұтады. Осы ретте ұстаздың дарынды шәкірттер тәрбиелеуде айрықша көзге түсіп келе жатқандығын атап өткен ләзім.
«Ұстаздан шәкірт озса – сол бақыт» демекші,  өткен жылы шәкірті Ілияс Болатбеков ҚР Кіші ғылым академиясының облыстық кезеңінде 2-орын, республикалық сында 1-орын алса, биыл облыстық, республикалық байқауда да 1-орынды қанжығалады. Тағы бір оқушысы Дина Зейлғабиденнің екі бірдей шығармасы  үздік деп танылып, облыстық білім басқармасы әдістемелік кабинетінің шығарған «Эсселер жинағына» енді. Сондай-ақ, ұстаздың «Орыс тілі мен әдебиеті сабағында сыни ойлауды қалыптастыру», «Жалпы білім беру мекемелеріндегі орыс тілі мен әдебиеті сабағының өзекті мәселелері» атты ізденісті еңбектері де облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағына еніп, іс-тәжірибе ретінде таратылды. 
Ұстаздың 2017 жылы мектеп бітірген түлектерінің екеуі «Алтын белгі», біреуі «Үздік аттестатпен» бітіргенін де мақтанышпен айтуға болады. Бүгінде Ромина Макаримова есімді шәкірті «Алма ТВ» телеарнасында жүргізуші болса, тағы бір оқушысы Дмитрий Токарев ұстаз үмітін ақтап, Мәскеу мемлекеттік университетінде білім алуда.   
Шәкірт тәрбиелеудегі өз тәжірибесімен бөліскен Айман Шаяхметқызы: «Тек қана тынбай еңбектенсең ғана, бір нәтижеге жетесің. Ол үшін көп іздену қажет. Бір сабақтың өзі текке кетпеу керек. Бала одан өзіне белгілі бір мөлшерде білім алу керек. Сол сабақтан бір нәрсе үйреніп қайту керек. Демек, өткізген әрбір сабақтың бір нәтижесі болуы тиіс. Ал, баламен жұмыс істегенде олардың біріншіден жан дүниесіне үңілу керек. Әсіресе, тіл-әдебиет – оқушыларды шығармашылыққа баулитын пән. Сондықтан балалардың бойындағы қарым-қабілетін көріп, оны аша білуің керек. Оны ұстаз ашпаса, кім ашады? – дейді.
Мектепте оқушылардың сүйікті ұстазы, ізденімпаз педагог атанған Айман Шаяхметқызы отбасында да үш баланы тәрбиелеген ардақты ана. Өмірлік жары Қайырбек Букумбаев асыл тұқымды жылқыларды баптауда алдына жан салмайтын. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын, қай аттың да жайын жазбай танитын, емдеп, қатарға қосатын жан осы салада талмай еңбек етті. Өкінішке қарай, осыдан үш жыл бұрын өмірден өтті. 
Ұлағатты жандардан тәлім алған қызы Айнұр бүгінде Алматыда инженер-сметчик, ұлы Дәулет инженер-эколог болып қызмет етуде. Ал кенже қызы Салтанат Қытайдың Шаньдун политехникалық университетінде білім алуда.
Ұстаздан білім, тәрбие алған шәкірттер де бұл күнде жер-жерде жемісті еңбек етуде. Жас мамандарды педагогикалық өнердің қыр-сырына баулуда да өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген Айман Шаяхметқызының білім беру саласында алар орны зор. Уақыт көшінен қалыспай Жаңартылған бағдарлама бойынша білімін шыңдап, біліктілігін арттырып, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануда  айтарлықтай жетістікке жетіп жүрген ұстаздың жолы бүгінгі жастарға үлгі-өнеге.

Алма Есенбаева