КӨПБАЛАЛЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ҮЙДІҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Уақыты: 15.06.2019
Оқылды: 1063
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қаласында көпбалалы аналарға арналған 125 пәтерлі үйдің және 100 коттедждің іргетасы қаланды. Тұрғын үйдің қазығын қағуға шаһар басшысы Ғалымжан Әбдрайымовпен бірге құрметті ақсақалдар, ақ жаулықты аналар қатысты.

Бірінші болып сөз алған 6 бала тәрбиелеп, 18 немеренің қызығын көріп отырған көпбалалы ана Ханшайым Сыдыққызы басшылық тарапынан қолдау тапқан бастамаға ризашылығын білдірді. Ал өз кезегінде қала әкімі:

– Оңтүстік-шығыс тұрғын үй алабында 600 коттеджді үйдің орны бар. Бүгінде ондағы 155 баспананың құрылысы аяқталуға жақын. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша оның 70-і көпбалалы аналарға беріледі. Жыл соңында 225 пәтер кілті табысталады, – деді. Сондай-ақ, қуанышты жайтқа куә болған ақсақалдар мен мешіт имамдары ақ тілегін ақтарып, батасын берді.

125 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын «LEPES» ЖШС жүргізуде. Оның 100 пәтері 3 бөлмеден, қалған 25 пәтері 4 бөлмеден тұрады. Үйдің құрылысы біткен бойда жергілікті әкімдік дайын үйді сатып алмақ. Ал коттеджді үйдің құрылысын «West Standart» ЖШС қаржыландырды. Жалпы құны 1,26 млрд. теңге тұратын үйлердің ауданы – 9 мың шаршы метр.

Қазіргі таңда облыс орталығында 3337 көпбалалы ана бар. Бүгінде олардың 1146-сы үй кезегінде тұр.

Еңлік ҚАБДЕШ