ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНАҒА ҮЙ БЕРІЛДІ

Уақыты: 17.06.2019
Оқылды: 931
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қуанса бала қуансын. Осы сөзді ұран еткен талдықорғандық кәсіпкер жалғызбасты алты баланың анасына төрт бөлмелі жер үйді сыйға тартты.

Гүлнар Нұржігітова тез арада баспаналы боламын деп еш ойламаған. Көктал ауылынан жалдамалы пәтер көруге келген ана қайырымды жандардың арқасында өз шаңырағына ие болды. «Мұндай тосынсый тек кинода болады деп ойлайтынмын», – деп толқыған балалардың қуанышында шек жоқ. 
Кең әрі жарық үйдің кілтін алған 6 баланың анасы Гүлнар Нұржігітова көп жыл бойы пәтер жалдап қиналғанын айтты.
– Баспана басты мәселеміз еді. Балаларыма күнде «Біздің де қуанатын күніміз болады, кішкене шыдайық», – деп дем беріп қоятынмын. Қасиетті  Рамазан айында ауыз бекітіп, тілеген тілеуіміздің қабыл болғанына мың шүкір етеміз. Балаларымды қуантқан кәсіпкер ағамызға алғыстан басқа айтарым жоқ, – деп қуаныштан көзіне жас алды.
Бұл үйдің жеке қоражайы, арнайы қоймасы бар. Демеушілер тоңазытқыш, газ плитасын, балаларға арналған төсек, үстел, орындық, тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттарды көрімдік ретінде тарту етті. 
Аты-жөнін жариялаудан бас тартқан кәсіпкердің бұл алғашқы қайырымды ісі емес. Ол осы уақытқа дейін балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, қаржылай көмек көрсетіп келген. Барша кәсіпкерді қазақ елінің болашағы жолында игі іс жасауға шақырған жомарт жан мұндай шараларды алдағы уақытта да атқаратынын айтты. 

Еңлік КЕНЕБАЕВА