ҚАРТЫНА ҚАМҚОР, ЖЕТІМГЕ ПАНА

Уақыты: 29.06.2019
Оқылды: 874
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Текес ауылында тұратын Нұргүл Жұмағұлованы бір көргеннен-ақ адамгершілігі мол, парасатты жан екенін аңғарғанбыз. Көңілі көктемдей, жаны жайдары, жүрегі мейірімге толы жан бізді жылы қарсы алды. Алпыстың ортасына таяған ананың он саусағы өнерге толы. 

Мені, әсіресе, тұлдыр жетім қалған балалар тағдыры алаңдатады. Отбасыммен ақылдасып игілікті шаруаға кіріскеніме бір жыл болып қалды, – дейді ол. 
Нұргүл апай өткен жылдан бері баспанасын кеңітіп, жетімдер үйін ашуға ниеттеніпті. Сол үшін 2 миллион теңгенің грантын ұтып алды. Кең де жарық екі бөлме қосылған үйдің төбесі жабылған. Әлі де бітпей тұрған жері бар. Облыстағы 5 бірдей жетімдер үйімен келісімшартқа отырыпты. Талғар қаласындағы Тұяқ  Қазыкенқызының балалар үйі 4 қыз, 6 ұл баланы бергелі отыр. Алла қаласа, үй салынып, балалар үйінің құжаттары толық бітсе, балапандарын қабылдап алып, тәлім мен тәрбиесін, аналық ақ жүрегімен қамқорлығын бермек. Қазір шаңырағында Кеген ауданынан келген бір қыз алаңсыз өсуде.
Өмірі еңбегімен өткен, ғұмыры тағылымға толы Нұргүл ананың жұмысы мұнымен бітпейді. Кеңес одағы тұсында табаны күректей 30 жыл тұрмыс қажетін өтеу комбинатында шаштараз болып еңбек еткен жан Текес ауылдық Мәдениет үйінің бір бөлмесінен әлеуметтік бұрыш ашты. Бұл да ізгіліктен туындаған дүние болатын. Аталған бұрыш арқылы ауылдағы аз қамтылған отбасыларға қажетті киімдер тегін беріледі. Мұнда киімнің барлық түрі бар. Әлеуметтік бұрыш барын білетін қалың көпшілік киілмей қалған жаңа киімді осында әкеліп беріп кетеді. Сол арқылы ел қажетіне жарайды. Әлеуметтік бұрыштың жұмысы бізге де ұнады.
Нұргүл Әбішқызы 2015 жылдан бері қарай дәл осы бөлмеден тігін цехының жұмысын жолға қойған. Уақытқа қарай әрекет етуді жақсы білетін еңбекқор, іскер, жігерлі ана үшін мұндай игілікті шаруа артық етпейді. Аталған тігін цехы арқылы екі адамды жұмыспен қамтыпты. Қазір аталған жерге киім пішетін арнайы маман керек болып тұр. Соған орай аудандық жұмыспен қамту орталығына сұраныс жіберген. Аталған цехта бір тігін машинасы жұмыс істейді. Мұнда оюлы құрақ көрпелер жасалады. 
Біз сөз еткен кейіпкеріміз – Текес ауылдық аналар кеңесінің төрайымы. Содан да болар, округ аумағындағы аналар мен балалардың тағдырына алаңдаулы. Жалғызбасты қарт аналар тұрақты назарында. Ауылда қамқорлықты қажет ететін 4 әже бар. Солардың арасынан 2 әжені тікелей өз қамқорлығына алған. Әжелерінің ештеңеден тарықпай жүрулеріне қарлығаштың қанатымен су сепкендей қамқорлығын жасайды, шарапатын тигізеді.    
Нұргүл Әбішқызы Текес ауылындағы «Күміс алқалы» ана, 4 келін түсірген, 14 немересі бар. Немерелерінің алды студент. Жұбайы Қанат Шәріпов биыл 68 жасқа толады. Ұлы Қуандық қара шаңырақтың иесі ретінде қожалықтың жұмысын жүргізеді. Иіліп сәлемін беріп, шаршап келгенде дәмділеп асын дайындап, қоюлап шайын беретін Гүлжанаттай алтын келіні бар. Қожалыққа тиесілі 5 гектар жерге жемшөп, одан бөлек, картоп, көкөніс өсіріледі. 

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы