АРЫС: ЖЕТІСУЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР 157 ТҰРҒЫН ҮЙДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРЕДІ

Уақыты: 01.07.2019
Оқылды: 955
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Журналистер үйінде Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты брифинг өтті. Республикалық және аймақтық ақпарат құралдарының тілшілері қатысқан баспасөз мәжілісінде облыс басшысы «Жетісу өңірі – Арыспен бірге!» қайырымдылық акциясына атсалысып, қиындықта қол ұшын созған мекемелер мен кәсіпорындарға жүрекжарды алғысын жеткізді.

Қазіргі таңда Үкімет тарапынан Арыс қаласындағы тұрғын үйлерді, көшелер мен түрлі маңызы бар нысандарды қалыпқа келтіру үшін бір ай уақыт берілді. Осыған байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов бастаған жетісулық төрт құрылыс компаниясы Арыс қаласындағы зақым келген ғимараттарға техникалық тексеріс жүргізуде. Нәтижесі шыққан соң қираған,  нұқсан келген тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Оның ішінде, Алматы облысының құрылысшылары 150-ден аса тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Бұдан бөлек, Арыс қаласында 29 көше, 854 жеке тұрғын үй жөндеуді қажет етеді.

Брифингте аймақ басшысы арыстықтарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектер тізбесін таныстырып, қайырымдылық акциясында бірден белсенділік танытқан «Ажар», «Гласман» секілді кәсіпорындар мен ірі компанияларға арнайы алғысын айтты. Сондай-ақ, үш-төрт күн ішінде Арыс қаласына өзі де барып қайтатынын жеткізді.

- Мұндай жағдай Алматы облысында да болды. Менің жеке тәжірибемде Құланда, Сүмбеде, Қызылағашта болған төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарға көмектесіп, елді мекендерді қайта қалпына келтіргенбіз. Жақын арада Арыстағы құрылыс жұмыстарымен өзім де танысып қайтамын, - деді Амандық Ғаббасұлы.

Облыс әкімі өз сөзінде Қапшағай қаласы мен Еңбекшіқазақ ауданындағы жазғы лагерьлер арыстық 150 баланы тегін қабылдауға әзір екендігін атап өтті.

Баспасөз мәжілісінде журналистер тарапынан бірінші күннен-ақ әлеуметтік қолдау танытқан еріктілердің еңбегі, әлеуметтік желі арқылы көмек қолын созғандар, құрылыс заттарын тасымалдау, Арыс тұрғындары Талдықорғанға көшіп келген жағдайда қандай қолдау көрсетілетіні, зақымдалған нысандарды қалпына келтіретін құрылысшылар мен компанияларды ынталандыру туралы сауалдар қойылды.

Тілшілердің сауалына жауап берген Амандық Ғаббасұлы облыстан өндірілген құрылыс заттарын теміржол арқылы тасымалдауға мүмкіндік барын, бірақ бірінші кезекте қажетті бұйымдар Арыс қаласына жақын жерлерден қаралатынын, сондай-ақ, қандай жағдайда да жақсы жұмыс істеген адам марапатсыз қалмайтынын айтты.

Айта кетейік, төтенше жағдайға тап болған отандастарымызға Алматы облысы да дер кезінде көмек қолын созып, жуырда ғана бірнеше жүк көлігімен азық-түлік, күнделікті тұтынатын тұрмыстық заттар жөнелткен еді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР