"ЖАҢА ҮЙДЕ ЖАДЫРАП ӨМІР СҮРЕДІ": ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҮШ ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Уақыты: 06.07.2019
Оқылды: 1680
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғандықтар астана күнін үлкен қуанышпен қарсы алды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» тарапынан бой көтерген 16 қабатты, 230 пәтерлі, үш үйдің кілті иелеріне табысталды. Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы қатысып, көпшілікті қуанышымен құттықтады.

– Қымбатты қуым, қадірменді жаңа пәтер иелері, сіздерді бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын. Бүгінде елімізде халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етудің  барлық мүмкіндігі қарастырылған. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7-20-25» сияқты бағдарламалар аясында қаншама адам үйлі болып, берекесін тасытқанын көріп келеміз. Сол үрдісті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен жұрттың ризашылығына бөленуде. Бүгін соның куәсі болып отырмыз. Сан түрлі кәсіппен айналысатын адамдар осындай сәулетті де салтанатты үйде көрші болып, болашақ өмірге қадам басқалы отырсыздар. Осындай қуаныш әлі де көп болады деп сендіремін. Біз алдағы уақытта қаладан 800 мың шаршы метр тұрғын үй салып, баспанасыз адамдардың қажеттілігін қамтамасыз етпекпіз. Сонымен қатар, жуық арада 1 қабатты 100 жеке үй және 125 пәтерлі 2 көп қабатты үйдің құрылысы аяқталып, қоныстойына куә боламыз, – деді облыс әкімі.

Осыдан кейін Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков ардагерлер атынан сөз алып, жаңа пәтерге ие болғандарға ақ батасын беріп, отбасына бақ-береке тіледі.

Пәтер кілті тапсырылады дегенді естіп, өздері үй алмамаса да жақындары, құда-жегжаты, бала-шағасының үйлі болып жатқан қуанышын бөлісе келгендер көп.

– Бүгін қызым Әлия Молотова екі бөлмелі үйдің кілтін алды. «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысып отырады» деген нақыл бар ғой. Жасым егделеп қалса да, осы қуанышты көпшілікпен бірге бөлісуге келдім. Өзім қырық жылдай білім беру саласында жұмыс істедім. Бірақ сол кезде осындай қуанышқа ие болып көрмеп едім. Қызым да білім беру саласында жұмыс істейді. Егемен елдің арқасында, міне, қызым жаңа үйде жадырап өмір сүреді. Елге осындай жақсылықтар сыйлаған Елбасына, Президентке, облыс басшылығына алғысым шексіз, – дейді зейнеткер Гүлбану Тұрсынова.

Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, жастарға көптеген қолдау танытуды тапсырғаны белгілі. Көпшіліктің арасында жаңа үйге ие болған жастар да көп болды. Соның бірі облыстық аурухананың қызметкері Айдана Бексұлтан:

– Облыстық ауруханада жұмыс істегеніме екі жыл болды. Қазірге дейін құрбыларыммен бірге пәтер жалдап келгенбіз. Енді өзімнің жаңа үйім болады. Бұл менің жұмысымды абыроймен істеп, жетістікке жетуге мүмкіндік береді деген ойдамын. Осы тұста анам Анаргүл Қалқабаеваға алғысымды айта кеткім келеді, – деді ол.

Облыс әкімі көпшілікпен бірге жаңа үйді аралап, пәтер иелеріне естелік бұйымдар ұсынды.

Биыл Талдықорған қаласында бюджет есебінен 52,4 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жоспарланып, бүгінде 23,6 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Коттежді қалашықта 2 қабатты 155 жеке үйдің құрылысы жүргізілуде. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 8 және 9-шы шағын ауданда 5 үйдің құрылысы биыл басталып, келер жылы ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ, 8-ші шағын ауданда 936 пәтерлі 12 үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

Қажет АНДАС