ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 14.07.2019
Оқылды: 764
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ауданда меценат-кәсіпкер көпбалалы Солтанғазиевтар отбасына баспана сыйлады. Бұл отбасы көп жылдан бері баспанасыз, жалдамалы пәтерде тұрып келген. 

Өзінің есімін жариялағысы келмеген қайырымды жан  8 бала тәрбиелеп, өсіріп отырған отбасын пәтер сыйлап қуантты. Нұрахмет пен Гүлзира Солтанғазиевалар 10 жылдан бері баспана тауқыметін тартып келген. Енді, міне, Балпық би ауылынан барлық жағдайы жасалған 5 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. 
Шаңырақтың кенже ұлы туа біткен сал ауруымен ауырады. Гүлзира бала күтімінде болса, жолдасы Нұрахмет жалдамалы құрылысшы. «Қолы ашық жандардың арқасында баспаналы болдық. Бұл жаңалықты хабарлағанда сенбей, түсім екен деп ойладым. Қолымызға кілтті табыстағанда, қуаныштан көз жасымды тоқтата алмадым. Бәрінен бұрын балаларым бақытты. Енді олардың өздері армандағандай жеке бөлмелері болады. Жомарт жандарға алғысымыз шексіз», – деді  көпбалалы ана қуанышын жасыра алмай.  

Еңлік ҚАБДЕШ
Көксу ауданы