ЖҰМЫСШЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАЙТЫН КӘСІПОДАҚ

Уақыты: 16.07.2019
Оқылды: 1101
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекет демократиялығының айқын көрінісі – еңбек адамдарының қалауы бойынша, өздері басқарып, өздерінің конституциялық құқықтарын қорғай алатын қоғамдық бірлестіктер құрып, заң аясында әрекет ете алу мүмкіндігі. Сондай қоғамдық бірлестіктердің бірі – кәсіподақ.

Осы орайда «Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі қарапайым жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытында жұмыс істейді. Кейде жұмыс берушілердің өз пайдасын ғана ойлап, еңбек адамдарының мұң-мұқтаждарына көңіл бөлмей, шетке ысырып қоятын жағдайлар да кездесіп жатады. Біз мұндай әділетсіздікке жол бермейміз.  
Аталған бірлестік АЮФ халықаралық кәсіподағымен бірлесе жұмыс істейді. АЮФ – 127 мемлекет кәсіподақтарының басын біріктіріп отырған үлкен ұйым. Сондықтан біздің үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп. Бұған дейін осы салада Женева, Белоруссия, Молдова, Қырғызстан, Грузия, Ресей мемлекеттерімен тәжірибе алмастық.
Облыстық кәсіподақтың кезекті көшпелі президиум отырысы Қаратал  өңірінде жалғасты. Жұмысты бастамас бұрын Жетісу жеріндегі қасиетті Ескелді, Айту, Қарымбай, Балпық би, Жолбарыс батыр сынды бабаларымыздың басына арнайы барып, тағзым еттік. Президиум отырысына Қаратал ауданының әкімі, кәсіподақ мүшесі Рауан Рақымбеков қатысып, жиналған қауымды ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырды. 
Басқосуда «Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Каратал аудандық филиалының төрағасы Серікжан Арғымбаев ұжымдық шарт арқылы кәсіподақ мүшелерінің кепілдік құқықтарын қорғау жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті. Ол өз сөзінде: 
– Еңбеккерлердің еңбек, әлеуметтік құқығын қорғау мақсатында әзірленген басты құжат – «Үшжақты келісімшарт». Сауатты жасалған ұжымдық шарт арқылы кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау – кәсіподақтың басты міндеті. Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбеков, «Атамекен» кәсіпкерлер одағының төрайымы Зарина Төлегенова және біздің аграрлық кәсіподақ арасында үшжақты келісімшарт жасалып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп келеміз. Қазіргі таңда филиалымызда 32 бастауыш ұйымы,  оларда  933  кәсіподақ  мүшесі  бар. Барлық  бастауыш  ұйымдарда  ұжымдық  келісімшарт  жасалған. Онда жалақының уақытылы төленуіне, жұмыс уақытын, еңбек демалысын, еңбек пен денсаулық сақтауды, кәсіподақтың нәтижелі жұмыс істейтініне кепілдік беріледі. Сондай-ақ, жыл сайынғы қосымша демалыстар, көмекке мұқтаж адамдар мен зейнеткерлерге қайырымдылық көмек көрсету, кәсіподақ жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жұмыс берушінің шартқа негізделген міндеттемелері, келіспеушілік жағдайлар туындаған уақытта кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік-экономикалық және еңбек қарым-қатынастарында тиімді позиция ұстауына мүмкіндік береді, – деді.
Ал Көксу аудандық кәсіподақ төрағасы Амангелді Қалдыбек те өз тәжірибесімен бөлісіп: 
– Былтыр зейнет жасындағы қызметкерлердің қолдауымен аудандық Мәдениет үйінің бастауыш кәсіподақ ұйымы Талдықорғанға облыстық кәсіподаққа ауысып кеткен болатын. Биыл Жастар жылына байланысты аудан әкіміне хат жазып, зейнет жасындағы қызметкерлерді жұмыстан босатып, орындарына жастарды орналастыруды сұрадық. Хатқа дер кезінде жауап қайтарылып, аудан әкімі 37 қызметкердің орнына жастарды алу жөнінде шешім шығарды. Сөйтіп кәсіподақ ұйымы қайтадан жыл басынан қатарға қосылды. Мұндағы айтайын дегенім, аудандық әкімдікпен, мәслихатпен тығыз қарым-қатынаста қызмет атқарсақ, ешқандай алауыздық болмайды, – дей келе, алдағы уақытқа қойған жоспарларымен таныстырды.        
Сондай-ақ, жиын барысында кәсіподақ жұмысының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек Тасыбаев, «Үштөбе-Айдын» кәсіпорынның бұрынғы басшысы, зейнеткер Сейілхан Базарханұлы, аудандық филиалдың бұрынғы есепшісі, зейнеткер Күлмайра Құмарбаева, аудандық Мәдениет үйінің режиссер-хореографі Ақгүл Нұрпейісова «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 
Бұдан кейін көшпелі президиум отырысы Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Көксу, Кербұлақ, Панфилов аудандарында өткізілді. Әр аудан басшыларымен, кәсіподақ мүшелерімен кездесулер өтіп, кәсіподақ төрағасының жұмысына баға берілді.

Рая ИДРАЛИЕВА,
«Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және
мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы»
қоғамдық бірлестігінің төрайымы