БҮГІННЕН БАСТА

Уақыты: 23.07.2019
Оқылды: 1321
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жастық шақта зейнеткерлікке дейінгі өмір өте алыс әрі маңызды емес болып көрінетіні белгілі. Көп адам бүгінгі күнмен өмір сүреді. Тек зейнет жасына жақындағанда ғана болашақта алатын зейнетақысы туралы ойлайтыны жасырын емес.  
Қандай да бір себептермен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған, зейнетақы қорына жарна аудармаған адамға мемлекеттік бюджеттен базалық зейнетақы төленеді. Бірақ оның өзі 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай тағайындалады. 
Егер 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі және одан кейінгі жылдардағы еңбек өтілі 10 жылдан аз немесе мүлдем жоқ болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы ғана төленеді. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 пайызына ұлғайып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болған жағдайда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды. 
Биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге болса, оның 54 пайызы – бар болғаны 16037 теңге. Ал бұл ақшаға лайықты өмір сүруге бола ма?! Әрине,  жоқ. Сондықтан зейнет жасына жеткенде лайықты өмір сүру үшін Қордан берілетін зейнетақы төлемдері қомақты болуы шарт. Ал ол үшін, әрине, жалақыны конвертпен емес, ресми түрде алып, зейнетақы жарналарының Қорға тұрақты және толық мөлшерде аударылып  отыруын үнемі қадағалап отырған дұрыс. Бұл үшін зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты интернет арқылы кез келген уақытта алу тәсілін таңдасаңыз жетіп жатыр. 
Қор төлемдерінің маңызы біртіндеп  артып келеді. Болашақта ол мемлекеттік бюджеттен төленетін ортақ зейнетақының орнын басады. Сондықтан, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болашақ зейнетақыны ерте бастан жоспарлауда әрбір азаматқа көмектесуге дайын. 
Қазіргі уақытта жинақтаушы зейнетақы жүйесі, БЖЗҚ қызметі туралы барлық маңызды ақпараттар Қордың «enpf.kz» ресми сайтында топтастырылған. Сонымен қатар, зейнетақыға қатысты көңілде жүрген көкейкесті сұрақтарды осы сайттағы онлайн-чат, кері байланыс нысаны немесе Қордың әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы қойып,  толық  жауап алуға  болады.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

Сурет ғаламтордан алынды