БАЛАБАҚША МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 23.07.2019
Оқылды: 1915
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыстық әкімдік жанындағы «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевтің қатысуымен өткен жиында мектепке дейінгі балаларды балабақша кезегіне қоюды автоматтандыру  және оның игілігі мен артықшылығы туралы сөз болды.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде облысымызда E-ZHETYSU.KZ порталы іске қосылды. Аталған порталды әзірлеу мақсатында облыс бюджетінен 58 млн. 181 мың теңге бөлініп, игерілген. Портал арқылы мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезекке қоюды жеделдетуге мүмкіндік бар. Бұл туралы шара барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев кеңінен ақпар беріп өтті.
– Бүгінгі таңда балабақшаға балаларды орналастыру мәселесі оң шешімін тапқан. Облысымыздағы барлық аудан, қалалар мен елді мекендерде балабақша жұмыс істеп тұр. Араға адам салып, білім басқармасына өтініш білдіріп немесе балабақша басшылығымен ымыраласудың қажеті жоқ. Аталмыш портал арқылы кез келген ата-ана балабақша кезегін, қай ұйымға бергенін анықтай алады. Ол үшін заманауи техника құралының тілін біліп, өз кілтін сайтқа жүктей алса жетіп жатыр, – дей келе, бұл салада сыбайлас жемқорлық әрекетін туындататын әрекеттер болмайтынын, оған тосқауыл қойылғандығын атап өтті.
Қазіргі таңда облыс бойынша 1169 мектепке дейінгі балалар ұйымы жұмыс істеп тұр. Сондықтан кез келген елді мекенде балабақшада орын жетіспеушілік салдары туындамайды. Сондай-ақ, аталмыш портал көмегімен өтініш, талап-тілектерін, балаларының кезегін күнделікті қадағалап отыруға мүмкіндік бар.
    

АРДА БИ

Сурет ғаламтордан алынды