ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА ҮЙЛІ БОЛДЫ

Уақыты: 23.07.2019
Оқылды: 962
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Көктұмалықтар қаражат жиып, көпбалалы жалғызбасты ана Чайзада Марханға үш бөлмелі үй тұрғызып берді. Округ әкімінің жер бөліп, ықпал етуімен сәні мен салтанаты жарасқан баспананы құрылысшылар екі айдың ішінде салды.

Бұл игілікті істен үлгі алған ауыл тұрғындары да қоныстой иелеріне азды-көпті сыйлықтарын берді. Солардың бірі ретінде ауылдық амбулаторияның қызметкерлерін, яғни ақ халатты абзал жандарды айтуға болады. Олар да өз аттарынан жалғызбасты анаға арнайы тарту-таралғысын беріп, құттықтап келді. 
Талай жыл бойы жалдамалы пәтерде жүрген ананың көңілінде қуаныш, балалардың езуінде күлкі. Округ әкімі Дәуренбек Мұқабаевтың айтуынша, дәл осындай тағы да жоспарлар бар. Барлығына тек уақыт төреші. Болашақта  тағы бір отбасы қоныстойын тойлайды деген ойдамыз.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ
Алакөл ауданы