ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 15.08.2019
Оқылды: 1099
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Білім ошақтарының сақадай сай болуы басты назардан түскен емес. Соның бірі Талғар қаласындағы №4 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуына барлық күш-қуат жұмылдырылуда.

Іргесі 1936 жылы қаланған көне мектептің қабырғасының сейсмоберіктігінен бастап есік-терезе, едендеріне дейінгі жаңартылу жұмыстары биыл тұңғыш рет қолға алынған болатын.  Осыған орай аталған мектептің құрылыс жұмыстарының аяқалысын бақылауға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов арнайы келді.
Еліміздің бас ұстазын аудан әкімі Рыскелді Сатбаев өңірдегі  мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы жайлы хабардар етсе, басты нысанның күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Капстройгрупп-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Болат Ишназаров атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
– Мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына келісімшарт бойынша 194 млн. 621 мың теңге қаржы жұмсалады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын осы айдың 20-на аяқтау көзделген. Осы күнге оқу корпустарының 80 пайызының жөндеу жұмыстары аяқталды. Ғимараттың ішкі жұмыстары біткен соң айналасын абаттандыруды бастаймыз, – деген Болат Раматдинұлы құрылыс материалдарының жоғары сапалы және қауіпсіз екендігін мәлімдеді.
– Жаңа оқу жылын оқушыларымыз жақсы көңіл-күй әрі зор құлшыныспен бастау үшін мектептердің дайындығы жоғары сапада болуы маңызды. Мектепке күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуімен қатар пән кабинеттерінің оқытудың озық технологияларымен жабдықталуы да басты назарда болуы керек. Жалпы, мектепті күрделі жөндеу жұмыстары өз уақытында аяқталып, тапсырылуы тиіс, – деген Асхат Қанатұлы құрылыс жұмыстарына көңілі толатындығын білдірді.
Білім ғимаратының құрылыс жұмыстарына 80-ге жуық адам атсалысуда. Бас-  аяғы он шақты күнде толық бітуге тиіс нысанның айналасындағы жұмыстардың айрықша қарқын алғаны байқалады. Жұмыскерлермен бірге техникалардың да гүрілі, қимыл-қозғалысы құлақ тұндырады. 
Бұл орайда айтар болсақ, осыдан аз уақыт бұрын аталған нысанда облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев болып, ондағы кәріз жүйелерінің жоспарда жоқтығы мен жұмыстың сылбырлығына сын айтқан еді. Мердігер компания басшысы бұл олқылықтардың орны толтырылып, жаңа оқу жылында табалдырығын аттайтын 600 оқушының алаңсыз және де жайлы мектепте білім алатындығына сендірді. 
Десе де, қарқынды қимылдың нәтижесі – жоғары сапада екендігі естен шығарылмағаны абзал болмақ.  

Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы