АЗАМАТТАР СӘТТІЛІК ТІЛЕДІ: ПАНФИЛОВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АУЫСТЫ

Уақыты: 13.09.2019
Оқылды: 1391
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Панфилов ауданы әкімдігінде өңір активінің жиыны өтті. Жиынды облыс әкімі Амандық Баталов кіріспе сөз сөйлеп ашып, Жетісу аумағында жүзеге асқан бірқатар өндіріс жетістіктері мен басқа да іс-шараларды айтып берді.

Амандық Ғаббасұлы шегаралы шепте тұрған жазиралы Жаркент өңірі халқының жетістіктері мен аймақта жүзеге асып жатқан мемлекеттік ірі жобаларға да тоқталды. Сөзінің соңында өңір жұртшылығының өкілдеріне аудан әкімі лауазымына тағайындалған Талғат Өмірәлиевті таныстырды. Сонымен қатар, осы лауазымды бұған дейін атқарған Темірлан Бектасовтың екі жылға жуық мерзім ауқымындағы табысты жұмысы үшін алғыс сезімін білдірді.

Аудан активінде Темірлен Бектасов сөз сөйлеп, өзімен қызметтес болған аппарат мүшелеріне, аудан халқына ризашылығын білдіріп, өзіне үлкен сенім артқан облыс әкіміне алғысын айтты. Сол сияқты ауданға жаңадан тағайындалған әкім Талғат Өмірәлиев те актив алдында сөз сөйлеп, өзіне жүктелген үлкен сенім үшін облыс әкімі мен аудан халқына ризашылығын білдірді.

Жиында Панфилов ауданының Құрметті азаматы, Еңбек Ері Күләш Айтжанова, «Ернар» ЖШҚ төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Тасқын Жапарқұл, ауданның Құрметті азаматы Рехимжан Тохтахунов, «Құралай» ЖШҚ жетекшісі Әзікен Кәріпжанов сөз сөйлеп, өңірге келген жаңа басшының жұмысына сәттілік тілеп, өздерін толғандырып жүрген бірқатар ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Жиынды облыс әкімі Амандық Баталов қорытындылап, басқосу барысында айтылған бірқатар сауалдарға жауап берді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы