ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖОЛ: АРХИВТІҢ АЙТУЛЫ БЕЛЕСІ

Уақыты: 30.09.2019
Оқылды: 1060
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ғасыр өтсе де қоғамдағы және тарихи кезеңдердегі мәліметтерді шаң тигізбей сақтайтын архив мекемелерінің маңызы зор. Биыл халқымыз үшін сарқылмас бұлақ болған құжаттарды сақтаған Алматы облысының мемлекеттік архивіне жүз жыл толды. Осыған орай Талдықорғандағы Салтанат сарайында «Жетісу архив қызметіне – 100 жыл» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Шараға қатысушылар әуелі облысымыздың тарихи құжаттар көрмесімен танысты. Басқосуды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев жүргізіп отырды.

Жиын облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың алғысөзімен бастау алды.

– Архивтерде сақталған әрбір құжат тарих айнасы. Бұл құжаттардан біз ата-бабамыздың қалай өмір сүргенін, болашақ ұрпаққа қандай еңбек қалдырып кеткенін көре аламыз. Осы мақсатта күні кеше ғана облысымыздағы тарихшылар мен журналистер Ресейдегі архивке барып, Ілияс атамыздың жазып кеткен мұраларын зерттеп қайтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың ортақ бастауларына деген құрмет сезімін қалыптастыратынын атап өтті. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге «Мәдени мұра» бағдарламасы жол ашты. Болашақ ұрпаққа мол мұра қалдыратын архив қызметкерлерінің еңбектеріне табыс тілеймін, – дей келе аталмыш саладағы үздік мамандарды марапаттап, облыстық мемлекеттік архивіне жеңіл автокөліктің кілтін табыстады. Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі архив ісі және құжаттама департаментінің архив ісі саласындағы мемлекеттік саясат басқармасының басшысы Гүлзира Қарсақбаева архив қызметкерлерін мерекесімен құттықтады.

Осыдан кейін облыстық мемлекеттік архивінің бас директоры Гүлмира Құлмұханбетова ғасыр жасаған архивтің тарихымен таныстырды.

Облыстық мемлекеттік архив 1919 жылдан бастап жұмыс істейді. Оның басшысы есімі белгісіз Елизаров болған. Мекемеде небәрі 4 қызметкер жұмыс атқарған. Құжаттарды талдау кезінде И.Брызгалов кеңестік архив ісінің бастауында тұрғаны анықталады. 1919 жылдың сәуірінде ол облыстық архив меңгерушісі болып тағайындалады. Архивтің атауы мен орны әр жылда ауысып тұрған. 1920 жылдары архив бұрынғы пансион ғимаратында орналасса, 1930 жылдары темекі көпесі Ледяшевтың  ауласынан орын тапқан. 1950-1960 жылдары облыстық архив қаладағы ауқатты кісінің үйінде орналасты. Ал облыстық архив қорын құру туралы бұйрықта ол Түркістан АССР халық ағарту комиссариатының Орталық архив басқармасының құрамына 1921 жылдың 25 қаңтарында кірді деп көрсетілген. 1933 жылы қазан айының 26-да Алматы облыстық атқару комитетінің бөлімі ретінде облыстық архив басқармасы құрылған. Сонымен қатар, бұрынғы облыстық архив округі қорлары негізінде Алматы облысының мемлекеттік архиві құрылды. 2013 жылдан бастап Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қарамағына ауысты. Қазіргі уақытта «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің әр аудан, қалаларда орналасқан 18 филиалы бар. Сонымен қатар, Талдықорған қаласында «Талдықорған мемлекеттік архиві» КММ жұмыс істейді.

Конференция барысында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен және өңіріміздің әр облысынан келген мамандар әртүрлі тақырыпта баяндама оқыды. Сонымен қатар ТМД елдерімен архив ісі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды. Жиын соңында конференцияға келген қонақтар қаламыздың көрікті жерлерін аралады.

Айдар ҚАЛИЕВ