БІЛІКТІЛІК – БАСТЫ БАҒДАР

Уақыты: 29.09.2019
Оқылды: 1109
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің құрылғанына биыл 90 жыл. Ғұмыр өлшемі тұрғысынан алып қарасақ, 90 – өмірдің талай белесін артқа тастап, мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге тартқан, жапырағы жайқалып, жемісі төгілген, көкірек қойнауы қазынаға толған қарияның жасы. 

Алғашында бес-алты мұғалімнің болашақ ұстаздарға дәріс оқуымен жұмысын бастаған курстың көп өтпей көкжиегі кеңейіп, жыл сайын тұғырынан отыздан астам түлек түлеп ұшатын техникумға айналады. Қазақ КСР Халық ағарту министрлігінің оқушылар есебінен контингент санын көбейтуге рұқсат беруіне байланысты даярлық тобымен қоса қазақ бөлімі ашылады. Сол кезеңде техникум қабырғасында А. Розыбакиев, Омар Мұхамәдий, Һезим Искандеров, Латип Әнсарий, Рахманқұлов сынды білікті ұстаздар дәріс оқыды.

Отызыншы жылдардағы ат ауыздығымен су ішкен алмағайып шақта оқу орны отарлық бұғауға түскен халықты қиындықтан құтқаратын жалғыз жол – ағартушылық екенін тамыршыдай тап басып танып, қысталаң заманның қос өкпеден қысқан қыспағына қарамастан қанатымен су сепкен қарлығаштай қалың бұқараның көкірегіне білім сәулесін себе білді. Қараша жұрттың көзін ашып, санасын ағартатын педагог мамандарын даярлау ісі өз арнасымен үзіліссіз жүргізіліп отырды.

Сұрапыл соғыс жылдары ауданға және Жаркент қаласына генерал-майор Иван Панфиловтың есімі беріліп, оқу орнының атауы Панфилов педагогикалық училищесі болып аталды. Білім ордасының оқыту ауқымы да анағұрлым ұлғайды. Алайда кадрлардың жетіспеушілігінен бір оқытушы екі тілде сабақ жүргізген кездер де болды. Студенттер білім ордасының жалғыз корпусында дәріс тыңдап, педагогикалық тәжірибені Жаркент қаласындағы Молотов атындағы мектепте (қазіргі Алтынсарин атындағы орта мектеп) өткізіп жүрді. Мұрағаттық деректерге жүгінсек, сол бір қаһарлы 1942 жылы қазақ бөлімінде 130, ұйғыр бөлімінде 32 студент білім алыпты. 1943 жылы оқуға түскен 70 студенттің тек 37-сі ғана оқуын толық аяқтап шыққан. Осындай қызығынан қиындығы мол бейбіт елдің аспанын соғыс бұлты торлаған аласапыран кезеңде педучилищенің қабырғасында ауданға қарасты ауылдардан Нұрбай Ванкеев, Бажан Жанпейісов, Нұрғалым Тұрғанов, Ілияс Қамбаев, Қуандық Өмірзақов сияқты талапты да жалын жүректі жастар келіп, білім алған. Олардың қатарында «Халықтар достығы» орденінің иегері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, аудандағы Алтынсарин атындағы орта мектепті табаны күректей 40 жыл бойы үздіксіз басқарып, ұстаздардың ұстазы атанған Жақсыбай Исаев та болған еді. Есімі бүгінде облыс қана емес, бүкіл республика жұртшылығына етене таныс көрнекті тұлға училище қабырғасында білім алған кезеңін былайша еске алады: «Оқу-жазу құралдары өте тапшы болды. Сия, дәптер дегенді білмейміз. Мұғалімдердің дәрісін, түсіндіргенін ескі кітаптың бетіне марганцовкамен жазып аламыз. Ұстаздарымыз: «Сендердің сабақтан алған әрбір «4» пен «5» деген бағаларың фашистерге қарсы атқан оқтарың», – деуші еді. Қыста негізгі отынымыз – қи. Тамызыққа – аздаған ағаш. Оны студенттер өз күштерімен дайындайды. Демалыс күндері қазіргі жастар сияқты сауық кештерін өткізуге жағдай жоқ. Бар тілегіміз – жеңіске жету. Содан 1945 жылдың 9 мамырына да жеттік. Бізге сол бір соғыс жылдары Ленинградтағы Герцен атындағы университеттің оқытушылары – Буценко мен Чернов, өз ауданымыздан Қожамберді Байшалов, Үсен Ахтаров, Фейдахмет Галимов, Хилчам Азнаметова, Дауыт Азизов, Гусманов сияқты білімді де білікті ұстаздар сабақ берді», – деп еске алады.

Жылдан-жылға түлектер саны еселеніп, оқыту ауқымы кеңейіп, бастауыш сыныптар үшін жалпы орта және арнаулы білімі бар маман мұғалімдер даярланды. Осы жылдары А.Нөгербеков, Ә.Сариев, Х.Арғынбаев, Н.Шегебаевтар сынды отандық ғылымның өркендеуіне елеулі үлес қосқан дарынды ғалымдар мен тәжірибелі де білікті азаматтар басшылық етсе, Ә.Сәтқалиев, Зияда Нұршаев, Аим Хизметова, Модангүл Башизова, Рамазан Ғабдулов, Әбілбай Найзабеков, Жолтай Оспанов, Елдос Керімбаев, Фейдахмет Галимов, Мария Богданова, Римма Ибрагимова, Лия Твилинева, Василий Никитков, Раиса Рядинская, Хамит Ахметшин, Людмила Кайгородова, Владимир Мальцев, Алексей Зайцев, Софья Кокшарова, Лия Климова сынды ұлағатты ұстаздар оқу орнында алғаш еңбек жолдарын бастап, ұзақ жылдар бойы ағартушылық қызмет атқарды. Әсіресе, қазақтың аса көрнекті этнографы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан этнология ғылымының негізін салушы, профессор Халел Арғынбаевтың училище қабырғасында дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеу ісіне белсене атсалысуы колледжіміз үшін биік мәртебе, зор мақтаныш болды. Оның қастерлі есімі колледж тарихының жарқын беттеріне алтын әріптермен жазылды.

Ұлы Отан соғысының ардагері Әбілбай Найзабеков училищенің кітапхана меңгерушісі болып тағайындалып, жиырма жылдан астам уақыт жемісті жұмыс атқарады. Әбілбай Есенқұлұлы басқарған жылдары училище кітапханасының кітап қоры мейлінше молайып, 5 000 данаға жетеді. Оқырмандар саны 100-ден асады.

Осынау жылдар ішінде білім ордасының жеткен жетістіктері мен бағындырған белестерін «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» Клара Жұмағұлова мен он жыл бойы осы педучилищені басқарған КСРО арнаулы орта оқу орындарының үздігі, Панфилов ауданының Құрметті азаматы Әбілмәжін Кенжебековтің және ұлағатты ұстаз Шин Борис атқарған қажырлы еңбектерінен бөліп қарау мүмкін емес. Осы тұлғалардың тер төгуімен 1979 жылы Панфилов педагогикалық училищесі сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінің үздігі саналып, КСРО Жоғары және арнаулы орта білім министрлігі мен КСРО Оқу министрлігінің және Бүкілодақтық Лениншіл коммунистік Жастар одағы мен Кәсіподақтары Бүкілодақтық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен бірге, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да қолға алынып, 1982 жылы педучилище жаңа ғимаратқа қоныс аударып, 400 орынды жатақхана пайдалануға беріледі. Оқу ордасының рухани өмірінде мәдени-шығармашылық жұмыстары кеңінен өріс алып, училище өнерпаздары облыстық, республикалық үлкен сахналарда өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Осы саланың өркендеуіне сіңірген қажырлы еңбегі бағаланып, училищенің музыка пәні оқытушысы Күлмәрия Бозымбекова «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанады. Осы жылдары колледж қабырғасында талапкерлерге дәріс оқыған ұстаздардың 50-і жоғары санатты, 27-і бірінші санатты, 7-еуі екінші санатты оқытушылар еді.

Тәуелсіздік жылдары білім ордасына Майра Тұрғанова, Күләш Сүлейменова, одан кейін Сара Темірбаева басшылық етті. Педагогикалық білім мен ғылымның қыр-сырын жете меңгерген, жоғары ұйымдастыру қабілеті мен көшбасшылық қасиеттері қалыптасқан іскер басшылардың қай-қайсысының болмасын жазиралы Жаркент жеріндегі тамыры тереңде жатқан білім ордасының өркендеуіне қосқан үлесі өлшеусіз. Осы жылдары колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары қарқынды жүргізілумен қатар, уақыт тынысына қарай сұранысқа ие «Туризм», «Қонақүй шаруашылығында қызмет көрсетуді ұйымдастыру», «Аударма ісі» сияқты жаңа мамандықтар ашылды. Колледжде жаңа құрал-жабдықтармен толық жабдықталған оқу кабинеттері, компьютерлік кластар, ғылыми-танымдық және арнайы әдебиеттің мол қоры жинақталған кітапхана, спорттық және шығармашылық бағыттағы үйірмелер жұмыс істеп, оқыту үрдісіне жаңа заманауи талаптағы технологиялар мен өзгерістер енгізілді. Осы табыстар ардагер ұстаздарымыздың ерен еңбектерінің арқасында деп есептейміз. Бақытгүл Нұғманқызы, Қадыхан Сакимбекова, Жәмила Толыбаева, Баққайша Қасенова, Розигул Қурбанова, Айша Акимбаева, Әбдіманап Исабеков, Любовь Коваленко өздерінің жаңашылдықтарымен, еңбекке деген құлшыныстарымен колледж тарихында есімдері қалды. Өмірдің өз заңдылығымен зейнеткерлік демалысқа жеткен ұстаздардың орнын жас шәкірттер алмастырды. Олар өз білім ордаларына ұстаз болып оралды. Ұжым алдыңғы толқын ізін жалғап, жас мамандармен толықты. Бүгінгі таңда колледжімізде 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан білікті, білімді ұстаздарымызды да мақтан етеміз. Олар: Гүлжан Ашимбекова, Батиха Жанасбаева, Лаура Азнабаева, Меруерт Жақыбаева, Хакимжан Хамраев, Алма Исабекова, Бақыт Шәкір, Гүлшат Касымова, Рима Исламова, Ардақ Сатыбалдиева.

2014 жылы колледж ұжымының шығармашылық жұмыстарының нәтижесінде оқу орны Алматы облысы әкімінің жүлдесіне өткізілген «Үздік кәсіптік білім беру мекемесі» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. «Үздік педагог – 2018» республикалық конкурсының жеңімпазы, колледж оқытушысы Мерует Теңізбаева. Биыл 90 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған колледжіміз өзінің қалыптасу және даму тарихында ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты жалғастырып, бүгінге дейін 100 мыңға жуық білікті маманның қанатын қатайтып, қияға самғатты. Білім ордасының тұғырынан түлеп ұшқан шәкірттері колледж даңқын бүкіл әлемге танытты десек артық болмас. Олар: Нұржұман Ықтымбаев – ҚР халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Байтұрсын Өмірбеков – КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Ахметжан Ашири – Қазақстан Жазушылар одағының ұйғыр әдебиеті бойынша кеңес төрағасы, «Еңбектегі ерекшелігі үшін», «Астана» медальдарының иегері, Рахметолда Нұрпейісов – ақын, аудармашы, Батырғали Сауранбаев – Панфилов ауданының Құрметті азаматы, биология ғылымдарының докторы, профессор, Рудер Анатолий – ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Әбдірешов Тұрсын – Панфилов ауданының Құрметті азаматы, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, «Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі», Бұлдыбай Анарбай – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Дәулетбек Раев – философия ғылымдарының докторы, доцент, Галина Молчанова – Панфилов ауданының Құрметті азаматы, Рабиға Ізғұттынова – педагогика ғылымдарының кандидаты, «Әліппе», «Ана тілі», «Өзін-өзі тану» жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері авторы, «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Ы.Алтынсарин» атындағы медаль иегері, Бауыржан Сайдахметов – Абай атындағы педагогикалық университетінің профессоры, ХПББА корреспондент-мүшесі, Мұхамедрахим Қыдырбайұлы – педагогика ғылымдарының кандидаты, «Атамекен» ұлттық тәрбие бағдарламасының авторы, Дүниежүзілік түркі халықтары педагогтары ассоциациясының мүшесі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры. Гүлсара Исағұлова – «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Тұрсынай Байназарова – педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының меңгерушісі. Осы түлектердің жолын ары қарай жалғастыратын, колледж қабырғасынан білім, тәлім алған түлектер қаншама десеңізші?!

Бүгінде оқу орнында «Бастауыш білім беру», «Негізгі орта білім», «Бейнелеу өнері және сызу», «Технология», «Дене тәрбиесі және спорт», «Музыкалық білім беру», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Ақпараттық жүйе», «Аударма ісі», «Туризм», «Қонақүй шаруашылығына қызмет көрсету және ұйымдастыру» сияқты 11 мамандық бойынша білікті мамандар даярлануда.

Оқу орнының материалдық-техникалық базасында 40 кабинет заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қоғамдық бірлестіктер мен клубтардың жұмысын жандандыру арқылы студенттердің шығармашылық қабілетін дамытып, рухани әлеуетін арттыру мақсатында республикалық деңгейде «Қыз Жібек» қыздар клубы, Студенттер альянсы, «Жас қанат» лидерлер пікірсайысы, «Мәңгілік Ел жастар қозғалысы» жастар бірлестігі, «Жан жылуы», «Жас экологтар» клубы жұмыс істейді.

Бүгінде колледж кітапханасы түрлі бағыттағы оқу-әдістемелік құралдар және ғылыми әдебиеттермен толықтырылып, кітапхана қоры 42100 данадан асты. Кітапханада арнайы ғылыми оқу залы жұмыс істейді.

Қазіргі таңда колледжіміздің күндізгі бөлімінде 950, сырттай бөлімінде 300-ден астам студент білім алуда. Оларға түрлі санатты 102 білікті оқытушы дәріс оқиды. 2018-2019 оқу жылында колледждің күндізгі оқу бөлімін 5 мамандық бойынша 232, сырттай оқу бөлімін 2 мамандық бойынша 100, жалпы 72 студент үздік дипломмен бітірді. Биылғы жылдың ең үлкен қуанышы – Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжі жоғары колледж мәртебесіне ие болды. 2019-2020 оқу жылынан бастап, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру» мамандықтары бойынша оқуға түскен студенттер бакалавр дәрежесін алып шығады.

Колледж – ұлағатты ұстаздардың даналығымен халқымыздың игі істерін, білім мен ғылымға деген құштарлығын бойына сіңірген өнегелі білім ошағы. Бір ғасырға жуық оқу орны тарихының әрбір кірпіші оқытушылары мен студенттерінің шығармашылық талмас қайратымен, күнделікті ізденістерінің арқасында қаланған деп білемін. Осындай биік белеске абырой-жетістігімен көтерілген білікті ұжымның жұмысы жемісті, білімді ұрпақ қалыптастыру жолындағы еңбегі табысты болсын дегім келеді.

Баян САУРАМБАЕВА,

Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры