"ШАЛАҒАЙЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕСІН": ЛАЗЗАТ ТҰРЛАШОВ ТАЛҒАР АУДАНЫНА БАРДЫ

Уақыты: 30.09.2019
Оқылды: 1174
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талғар ауданына келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев іссапарын "Автобазадағы" 10-блокты модулді қазандық құрылысын көруден бастады. Мұндағы бес және екі қабатты биік үйлердің көшелері мен аулаларында қазылған құбырларға науа мен газ құбырларын тастау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды атқаруда техникаларда да кідіріс жоқ.

– 10-БМК (блокты модулді қазандық) бойынша 6 үйдегі 212 пәтерді қосуғажобада көрсетілгендейұзындығы 350 метр жер қазу жұмыстары мен 330 метрге науа салу жұмыстары толық аяқталды. Енді аз күнде қазандықтар жеткізіліп, қойылады. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 8 бригада бойынша 90 адам, 17 техника тартылды. Барлығы 15 блокты модулді қазандыққа 106 үйдегі 3319 пәтерді қосу жоспарда бар. Құрылыс жұмыстары кідіріссіз атқарылуда. Бүгінге 92 пайызы бітті, – деген аудандық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және тұрғынүй инспекциясы бөлімінің бастығы Асқар Шамаев тамыздың басында басталған бмк құрылыстары толық аяқталып, қазанның орта шенінде іске қосылатындығына сенім білдірді.

Бұдан өзге жаңадан салынған арендалық, жалдамалы жаңа үйлер де жылыту қазандықтарымен қамтамасыз етілген. Алдағы жылдары қалған көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етуге арналған жұмыс жоспарлары түзілуде екен.

– Неше жылдан бері көмір тасып, от жағудың машақатын тартып келеміз. Жаз соңында жеткен жағымды жаңалық тұрғындарды зор қуанышқа кенелтті. Енді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылуға барлық көрші-көлең боп біркісідей атсалысудамыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтпаған ғой. Бұл орайда, тұрғынүй шаруашылығы кооперативі құрылып, ұйымдастыру жұмыстарын жасауда. Билік өкілдері де күнде осы арадан табылуда, – дейді іштегі қуанышын жасыра алмаған қала тұрғыны Ғалия Жаманқараева.

– Міне, «қыс – қыр астында» демекші, жылыту маусымы жақындап келеді. Жерасты жұмыстарының толық аяқталуына таяп қалыпсыңдар. Дей тұрғанмен, әр істің тиянақты да сапалы атқарылуы басты назарда болсын! Жұмыста шалағайлық дегенге мүлдем жол берілмесін. Себебі, мұның қызығын халық көретін болады. Басталған жұмыстың жоспарға сай уақтысында тапсырылуы тиіс, – деген облыс әкімінің орынбасары Ләззат Махатұлы әрбір нысандағы құрылыс бригадаларының жұмыстарын тыным таппай аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын өз көзімен көріп шықты.

– Қазылған құбырларға науалар төселіп, құбырлардың беріктігі бақылансын. Жерасты жұмыстары аяқталған соң оның үсті тегістеліп, тұрғындарға қолайсыздық тумауын ойластырыңдар. Жылыту қазандықтарымен қатар, электр желілерін, су жүйелерін жүргізуді қадағалаңдар. Жертөлелердің дайындығы мен бағандардың орнатылуы, бір сөзбен айтқанда орталық жылыту қазандығына қосылудың барлық шарттары талапқа сай орындалуы қажет, – деді Лаззат Тұрлашов.

Осылайша Талғар қаласындағы көпқабатты үйлерді заманауи блокты модулді қазандықтарға қосып, тұрғындардың тұрмысын жеңілдетуді мақсат еткен жұмыстардың қарқынды жүргізілуі үшін жұмысшылар қатарын көбейтіп, жылыту маусымынан кешікпеуге күш салып жатқандығын тілге тиек еткен жауапты мамандар қазан айының алғашқы күндерінен бастап қазандықтардың орналастырыла бастайтындығына нандырды. Демек, 106 көпқабатты үйдің тұрғындарын қуанышқа кенелтер күн алыс емес сыңайлы.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы